08 қыр, 2017 сағат 12:42

«Әбу-Даби Плазадағы» жанжал: 60 үнді жұмысшысы елден шығарылады

Астана қаласының басшылығы ҚР-дағы БАӘ Төтенше және Өкілетті елшісі және «Arabtec Holding PJSC» компаниясының басшылығымен («Әбу-Даби Плаза» кешенінің бас мердігері) кездесті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Кездесу 2017 жылдың 2 қыркүйек күні «Әбу-Даби Плаза» құрылыс алаңындағы бақылау-өткізу пунктінде орын алған жағдайға қатысты болды.

«Arabtec Holding PJSC» компаниясының басшылығы алдағы күндері 61 шетелдік жұмысшы (Үндістан азаматтары) «Әбу-Даби плаза» құрылыс алаңында тәртіп пен қоғамдық жағдайды бұзғаны үшін елден шығарылады, оның ішінде 23 адам бір тәулікте отанына оралады деп хабарлады.

Әңгіме барысында қала басшылығы мұндай жағдайдың қайталанбауын ескертті және шетелдіктерден Қазақстан Республикасының Заңына бағынып, моральдық-әдеп тәртібі нормаларын сақтауды, сондай-ақ Қазақстан халқының салтына сыйластықпен қарауды талап етті.