16 қар, 2017 сағат 09:14

Әбу-Даби Плазадағы шетелдік құрылысшылардың жалақысы қазақстандықтардан төмен

«Астана» радиосының тікелей эфирінде сұхбат берген қалалық Жұмыспен қамту, еңбек және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Ермек Оспанов Әбу-Даби Плаза кешеніндегі шетелдік құрылысшылардың жалақысы туралы пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат «Елорда Инфо» порталына сілтеме жасап.

Эфир барысында радиотыңдармандардың бірі: «Әбу-Даби Плазадағы шетелдік құрылысшылар қазақстандықтарға қарағанда шынымен де көп жалақы ала ма?» деген сауал жолдады.

«Әбу-Даби Плазадағы жанжалдан кейін комиссия жұмыс істеді. Тұрмыстық жағдайларын, сыйақыларды, үстеме ақыларды тексердік. Біз шетелдік жұмысшылармен де, қазақстандықтармен де сөйлестік. Штаттағы қызметкерлердің жалақысын тексердік. Шетелдік жұмысшылардың жалақысы, біздің азаматтарға қарағанда төмен деп айта аламын. Әбу-Даби Плазадағы шетелдік жұмысшылардың келісімшартта көрсетілген орташа жалақысы 300 АҚШ долларын құрайтын болса, дәл сондай қызметтегі біздің азаматтардың жалақысы 120 мың теңгеден басталады. Атқарылған жұмыс көлеміне қарай төленетін жалақы одан жоғары», - деп жауап берді Ермек Оспанов.

Басқарма басшысы, сондай-ақ кешен құрылысына Қазақстан азаматтары ғана жұмыс істейтін 120 қосалқы мердігер компания жұмылдырылғанын тілге тиек етті.

Еске салайық, ағымдағы жылдың 2 қыркүйегі күні Астанада салынып жатқан  «Әбу-Даби Плаза» нысаны аумағында қазақстандық және шетелдік жұмысшылар арасында дау-жанжал туындады. Полиция бөлімшесіне жеткізілген 41 адамның 8-і әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Қалғандары түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, қоғамдық тәртіпті бұзуға жол бермеу туралы ескертуден кейін босатылды. Астана қалалық ІІД құрылыс аумағындағы тәртіпсіздікке қатысты қылмыстық іс қозғады.

Кейін мәлім болғандай, 60 үнді жұмысшысы еліне қайтарылды.