03 қыр, 2017 сағат 09:56

«Абу-даби Плазадағы» оқиғаға байланысты 8 адамға әкімшілік шара қолданылды - Астана ІІД

«Абу-даби плаза» құрылыс алаңындағы бақылау-өткізу бекетінде құқық қорғау органдарының заңды талаптарына бағынбаған 8 адамға әкімшілік шара қолданылды. Бұл туралы Астана қалалық ІІД-нің  баспасөз қызметі хабарлады.

2 қыркүйекте сағат 21.00-де күзет компаниясының қызметкерлері мен шетелдік жұмысшылар (Үндістан азаматтары) арасында «Абу-даби Плаза» құрылыс алаңының бақылау-өткізу бекетінде тұрмыстық сипаттағы жанжал орын алған.

Оқиға орнына мемлекеттік құрылымдар мен құқық қорғау органдарының өкілдері келді. Жедел шаралар арқылы оқиғаның алды алынды.

Алайда, бірқатар азаматтар қоғамдық тәртіпті бұзып, жағдайды ушықтырмақшы болған. «Есіл» аудандық прокуроры тәртіп бұзушыларды жауапқа тартатыны туралы ресми ескерту жасады. Ескертуге қарамастан азаматтар құқық қорғау органдарының заңды талаптарына бағынбай, қоғамдық тәртіпті бұзуды жалғастырды.

Заңсыз әрекеттердің алдын алу үшін тәртіп бұзушылар тобы аты-жөнін анықтау және тексеру үшін «Есіл» аудандық ІІБ-ға жеткізіліп, 8 тұлғаға қатысты әкімшілік жауап түріндегі шаралар қолданылып, әкімшілік өндіріс қозғалды. Тексеру және шешім шығару үшін материалдар әкімшілік сотқа жолданды. Қалған ұсталушылар профилактикалық әңгімелесуден кейін жіберілді.

Қақтығыс салдарынан Үндістанның екі азаматы түрлі дене жарақатымен медициналық мекемеге жеткізілді.

«Азаматтардың дәйексіз ақпараттар мен түрлі өсек-аяңдарды таратпауларын сұраймыз. Еске сала кетсек, қасақана жалған ақпарат таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған (ҚР ҚК-нің 274-бабы)», - делінген Астана қалалық ІІД таратқан хабарламада.