04 сәу, 2017 сағат 12:28

Әбіш Кекілбаевтың повесі бойынша көркем фильм түсірілмек

Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында  Әбіш Кекілбаевтың «Шыңырау» повесі бойынша толықметрлі көркем фильмнің түсірілімдері басталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Фильм Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша түсірілуде. Фильмнің сценарий авторы және режиссері Жаңабек Жетіруов. 

Түсірілімнің барлығы дерлік Маңғыстау облысында өтеді. Фильмде  Қарақия ойысы, Үстірт шоқысы және Каспий теңізі көрініс табады. Түсірілімдер үшін Форт-Шевченко қаласына жақын жердегі Қанға ауылында декорациялар тұрғызылып, елді-мекен фактураланды. 

Басты рөлдерге Асылхан Төлепов пен Алдабек Шалбаев бекітілген. Сондай-ақ фильмге Мұхамеджан Мырзакиев, Дәулет Әбіш, Қанатбек Құрымбаев, Мақсат Сәбитов, Азамат Шарғын, Зухра Сайпи және басқалар түсетін болады.   

Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ Эксперттік кеңесі отырысында режиссер былай деді: «Көптеген отандық кинематографистер ұлы Әбіш Кекілбаевтың повесі бойынша фильм қоюды және экрандауды армандады. Алайда әлі күнге дейін повес экран тілінде сөйлеген емес. Мен бұл тақырыпта фильм түсірем деп жүргелі көп болды. Сценарийді төрт жыл бұрын жазып, түзетулерді күні бүгінде дейін енгізіп отырдым. Қазір менің бар қалауым – Әбіш Кекілбаевтың повесі деңгейіндегі фильм түсіру. Біз локация мен натура таңдау бойынша көп жұмыс атқардық. Барлық актерлерді бекіттік. Бір-екі күнде Маңғыстау облысына түсірілімдерді бастауға жолға шығамыз».

Жаңабек Жетіруов көптеген деректі фильмдердің және «Дүниежарық», «Аққыз» атты көркем суретті фильмдердің авторы.  Сондай-ақ, Жаңабек Жетіруов жазушы Әбіш Кекілбаевтың өмірі мен шығармашылығына арналған «Самғау» деректі фильм түсірген. Фильм ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ жасалған.   

Фильмнің қысқаша мазмұндамасы: Фильм жиырмасыншы ғасырдың басындағы қазақ қоғамында қалыптасқан әлеуметтік проблемаларды қозғайды. Жартылай отырықшы және көшпелі тұрмыс кешетін қазақтардың арасын жалғастырып жүрген басты кейіпкер Еңсеп шыңыраудан құдық қазып, Үстіртте аты шығады. Еңсеп бай, ауқатты адамдардың құдығын қазып, кедей кепшіктердің тапсырыстарына ат үсті қарайды. Осы тәкаппарлығы өзіне кесір болып, ол ақыры жұмыссыз қалады. Ауылға Бұхара жақтан көшіп келген қалпақ деген біреу, Еңсептің орнын басып, Үстіртте ең терең құдық қазады. Бұл Еңсептің қызғанышын оятады. Ол одан да терең құдық қазам деп, ақыры бәсеке түбіне жетеді.