14 ақп, 2017 сағат 08:30

Әбілязовтің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық бюросына өз еркімен келуіне 1 күн қалды

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы «БТА банкі» Директорлар кеңесінің бұрынғы төрағасы Мұхтар Әбілязов басшылық жасаған қылмыстық қоғамдастықтың 7 млрд. доллардан астам қаржыны ұрлау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын жалғастыруда, деп хабарлайды Ұлт.кз тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.

«Тергеу барысында анықталғандай, Әбілязов бағынышты компаниялар арқылы  ұрланған ақшаларға банктің акцияларын сатып алу жолымен банктің капиталын жасанды түрде ұлғайтып отырған. Банктің капиталын ұлғайту арқылы Әбілязов оны барынша тартымды әрі қаржылай өсімі бар ретінде көрсеткен. Шетелдік инвесторлар мен Қазақстан азаматтары банктің тұрақтылығы мен табыстылығына сенім артып, оған өздерінің қаржысын салған», - деп хабарлады Ұлттық бюродан. 

Мәселен, 2005-2008 жылдары аралығында халық депозиттерін және шетелдік кредиторларды барынша тарту есебінен банк капиталы 8 есе өскен.

БТА банкінің бұрынғы басшысы Мұхтар Әбілязов Қазақстанда, Ресейде және Украинада барлығы 11 бап бойынша айыпталды. 2009 жылдың 6 наурызында Әбілязов халықаралық іздеуге жарияланды. Себебі оған және ол басшылық еткен қылмыстық топқа сеніп тапсырылған мүлікті иемденгендігі және талан-таражға салғандығы, алдау және сенімге қиянат келтіру арқылы бөтен мүлікті ұрлағандығы, заңсыз жолмен табылған ақша қаражаттарын заңдастырғандығы, банк қаражаттарын заңсыз пайдаланғандығы, өкілеттікті асыра пайдаланғандығы және қылмыстық топқа басшылық еткендігі бойынша (Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 176-бабы 3-бөлігінің «б» тармағымен, 176-бабы 3-бөлігінің «а», «б» тармақтары бойынша, 24-бабының 3-бөлігімен, 177-бабы 3-бөлігінің «а», «б» тармақтарымен, 193-бабы 3-бөлігінің «б», «в» тармақтарымен, 220-бабының 1-бөлігімен, 228-бабымен, 235-бабы 3-бөлігімен қарастырылған) айыптар тағылған болатын.

Барынша көлемді және күрделі қылмыстық істердің бірі болып табылатын бұл қылмыстық істің көлемі екі мың томнан асады және 150-ден астам эпизодтан тұрады. Ұйымдасқан қылмыстық топтың жасаған әрекеттерінен келтірілген шығынның анықталған сомасы 7,5 млрд. АҚШ долларынан асады. Қылмыскерлердің іс-әрекеті тек Қазақстан аумағымен ғана шектелмеген, қылмыстардың елеулі бөлігі Қазақстанда бастау алып, басқа елдер аумағында, соның ішінде Ресей Федерациясы мен Украинада аяқталған. Олар қылмыстық әрекеттерімен түрлі шетелдік мемлекеттер мен заңды тұлғалардың мүдделеріне нұқсан келтірді.

Атап айтқанда, Ресей Федерациясында Ресей Орталық банкінің ірі тұрақтандырғыш займдары мен жеке тұлғалардың салымдары ұрланды. Қылмыскерлердің Ресей мен Украинада келтірген шығындарының сомасы миллиардтаған доллармен есептеледі. Осыған байланысты, шетелдік мемлекеттердің бірқатары өздерінің ішкі құқықтық және әкімшілік жүйелеріне сәйкес дербес ұлттық мүдделерін басшылыққа ала отырып, ұйымдасқан қылмыстық топты қылмыстық қудалауды жүзеге асыруда. Олардың ішінде Ресей Федерациясы мен Украинаның құқық қорғау органдары дербес қылмыстық істерге тергеу жүргізуде.

2 ақпан күні Сыбайлас жемқорыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы «БТА банкі» АҚ-тың бұрынғы топ менеджерлері М.Әбілязовті бұқаралық ақпарат құралдары арқылы тергеуге шақыру туралы хабарландыруды жария еткен болатын.

Онда: «Анықталған фактілер  Әбілязовтің Қазақстан аумағында және одан тысқары жерлерде әрекет еткен бірнеше қылмыстық топтың басын қосатын қылмыстық қоғамдастық құрып, басшылық жасады деген күдікті айқындай түсті. Қазақстан Республикасы Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 208-бабы 1-тармағына сәйкес  күдікті шақыру қағазы арқылы тергеуге шақырылады. Бірақ, күдікті Әбілязовтің Қазақстан Республикасынан тысқары жерде болуына және келуден бас тартқаны үшін жемқорлыққа қарсы қызмет ҚР ҚІЖК 205-бабы 3-тармағына сәйкес бұқаралық ақпарат құралдарында күдіктіні тергеуге шақыру туралы хабарландыруды жария етеді. Күдікті Әбілязов 2017 жылдың 10 ақпаны күні сағат 17:00-ге дейінгі мерзімде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының Қазақстан Республикасы, Астана қаласы Сейфуллин көшесі 37 мекенжайдағы әкімшілік ғимаратына, жедел тергеу тобының жетекшісі  Тергеу департаментінің басшысы Перов Сергей Николаевичке келуі қажет», - делінген.

Тергеу амалдарына қатысу үшін күдікті өз бетінше қорғаушыны шақыруға немесе қылмыстық іс жүргізетін органнан қорғаушының қатысуымен қамтамасыз ету туралы қолдаухат беруге құқылы. Егер қорғаушы күдікті немесе оның заңды өкілі, сонымен қатар оның тапсыруымен өзге де тұлғалар тарабынан шақырылмаса, онда қорғаушының қатысуын қылмыстық процесті жүргізетін орган қамтамасыз ететін болады. ҚР ҚІЖК 205 бабы 3 тармағына сәйкес күдікті Әбілязовті  шақыру туралы хабарлама республикалық бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланды және оның тұруы мүмкін Франция мен жақын туыстарының тұрғылықты жері Италияға жіберілді.