#
#
Сейсенбі 15/10/2019

Әбілқайыр ханның Ресей патшайымы Елизаветаға жазған хаты табылды

  • 03.10.2019
  • 0
  • 693

Ақтөбе облыстық архивінің қызметкерлері Орынбордағы мұрағатта бір аптадан астам уақыт бойы құнды материалдарды қарады. Онда Әбілқайыр ханның Ресей патшайымы Елизаветаға жасаған ұсынысы табылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Архив - 2025» жобасы бойынша Ақтөбе облысының мемлекеттік архивінің директоры Марат Төлебай мен ғылыми қызметкер Нұрлан Есетов Орынбор облысының мемлекеттік архивіне ғылыми экспедиция жасады. Олар бір аптадан астам уақыт бойы Қазақстанға, оның ішінде Ақтөбе тарихына қатысты құнды материалдарды жинап, электронды нұсқасын әкелді.

«Экспедиция барысында облыстық архив қорына бұрын-соңды көпшілік назарына ұсынылмаған, ХVІІІ-ХІХ ғасырларындағы Ақтөбе облысы аумағы, шаруашылығы, өнеркәсібі, білім ісі туралы тарихи маңызы зор, аса құнды құжаттар әкелінді. Патша заманында Орынбор қырғыздарының жерінде орналасқан, кейін Торғай және Орал облыстары құрамындағы Ойыл, Қобда, Ырғыз, Темір сияқты аудан тарихына қатысты деректері бар істер анықталды. Орынбор облысының мемлекеттік архивінің «Канцелярия оренбургской комиссии» атты қорында сақталған істе Әбілқайыр ханның Ресей империясының патшайымы Елизаветадан өзі және жанындағы қазақтар үшін қала салу жөнінде сұранысын қарастыру жөніндегі құжаттар сақталған», - деді Ақтөбе облысының мемлекеттік архивінің директоры Марат Төлебай.

Әбілқайыр ханның қала салу туралы ұсынысы 1742 жылы жазылған.

«Хат көне славьян тілінде жазылған. Ғалымдар оқып, хаттағы барлық сұраныстар мен ұсыныстарды анықтап, алдағы уақытта қосымша хабарлайтын боламыз. Бұл хатты Орынбор генерал губернаторы жазып, Әбілқайыр ханның өтінішін Ресей патшайымы Елизаветаға жеткізгені анық. Іс 200-ге жуық беттен тұрады. Қазір бізде көшірмесі толық бар. Бұрын бұл деректі зерттеушілер ғылыми айналымға енгізген болуы да мүмкін. Тек біздің архивте бұл құжат жоқ екенін айта аламыз», - деді Марат Төлебай.

Ақтөбе архивінің қызметкерлері мұрағаттағы құжаттардың электронды нұсқасын жинақтау үшін келер жылы Шоқан Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтымен бірге экспедицияға шығады. Сол кезде құжаттарды іріктеуге мүмкіндік бар.

«Ақтөбе өңіріндегі ауыл шаруашылығы жөнінде де құнды мәліметтер сақталған істер бар. Мәселен, Қара-Қамыс шатқалындағы жергілікті қазақ егіншілерінің бидайын өндеу мақсатымен су диірменің салу туралы айтылған. Одан бөлек жергілікті диқандардың қолдан суару, бау-бақша ісі жөніндегі істер, ветеринария, жалпы егіншілік пен мал шаруашылығы жағдайы бойынша Торғай облысының әскери губернаторының жылдық есептері сақталған. Әрі 1881 жылғы Торғай облыстық архитекторының ұсынған Ақ - Төбе қаласының жобалық жоспары жөніндегі істе жобалық жоспарды Орынбор генерал-губернаторына қарауға жіберу жөнінде айтылған. Алдағы уақытта бірнеше бөлімге бөліп, көрмеде таныстырамыз», - деді ғылыми қызметкер Нұрлан Есетов.

Экспедиция кезінде Әбілғазы, Арынғазы, Шерғазы, Шығай мен Қаратай және тағы да басқа Кіші жүз сұлтандарының өлке тарихы үшін маңызды құжаттары анықталды. Олардың қызметтері, патша үкіметіне қарсы әрекеттері және басқа да оқиғаларға қатысты істері жөнінде құжаттар бар.

«Орынборда Бердянка өзені бар. Арынғазы сұлтан сол өзеннің бойына үй салып, егін шаруашылығымен айналысуды мақсат еткен. Негізі ол жайылым, қыстағы болған. Бірақ сол ұсынысы құпталмады. Себебі ол кезде Орал өзеніне қарай қазақтарды өткізгісі келмеген екен. Орынбордан қазақтарды ысырып, орыстар қоныстанды. Сұлтандар наразылықтарын көрсетіп, Хиуа, Қоқан саудагерлеріне шабуыл жасағаны туралы да жазылған», - деді Нұрлан Есетов.

Айта кетейік, қазір архив құжаттарын цифрландыру жұмысы жүріп жатыр. Алдағы уақытта зерттеушілер, жас ғалымдар өзге елдің архивтеріне бармай-ақ жергілікті жерде құнды құжаттарға қол жеткізе алады.

0 пікір

Пікір қалдыру

Чтобы оставлять комментарий нужно зарегистрироваться или авторизироваться

Маңызды мақалалар

БАННЕР