18 шіл, 2019 сағат 14:53

Абайдың 175 жылдығын атап өтуге лайықты дайындықпен келу керек - Мұрат Әуезов

Ғалым, қоғам қайраткері Мұрат Әуезов Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын өткізуге лайықты дайындықпен келу керектігін атап өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Комиссияның жиналуы дер кезінде жасалып отыр, алда ұйымдастыру шараларына уақыт бар. Осы орайда жақсы ұсыныстар жинақтап, келесі Абайдың 175 жылдығын тиісті деңгейде өткізуге мүмкіндік болады. Қазақ халқы үшін Абайдың маңызы өте жоғары. Елдің тұтастығы, бірлікті нығайту, болашаққа үмітпен қарау тұрғысында ағартушы өзінің ерекше мағыналық түсінігін берген. Осының барлығын ұғынып, түсініп, 2020 жылдағы ауқымды шараларға лайықты дайындықпен келуіміз керек. Өйткені Абайдың адамзат тарихында ерекше орны бар», - деді ғалым 2020 жылы Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссияның алғашқы отырысының алдында.

Осы орайда ол өскелең ұрпақ ұлы ақынның кемеңгерлігін ұғынып, оның шығармаларына құрметпен қарау керектігін атап өтті.

Сонымен қатар М. Әуезов Ұлы Абайдың 175 жылдығына орай ақын өлеңдерін оқу эстафетасына қатысты пікір білдірді.

«Бұл бастама маған өте ұнады. Шынымен де Абай - халықтан ұлт жасайтын тұлға, қиын кезеңде халқымызды біріктіруде үлкен рөл атқарды», - деді Мұрат Әуезов.

Айта кетейік, бүгін ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен 2020 жылы қазақ халқының ұлы ақыны, ағартушысы Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жылдық мерейтойын өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссияның алғашқы отырысы өтті.

Жиын барысында халықаралық, республикалық және өңірлік деңгейдегі 500-ге жуық түрлі шара қамтылған Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына дайындалу мен өткізу жөніндегі жалпыреспубликалық жоспардың жобасы қаралды.