31 мам, 2019 сағат 21:44

Ұлықбек Есдәулет: Абайдың мерейтойына ақын-жазушылар бір кісідей атсалысады

Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы  Ұлықбек Есдәулет қазақ халқының ұлы ақыны, ағартушысы Абай Құнанбайұлының 175 жылдығын мерекелеу туралы Жарлықтың шығуын қаламгерлер қауымы асыға күткенін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Абайдың 175 жылдығын мерекелеу Жазушылар одағының, жалпы қалам ұстаған қауымның күтіп жүрген қаулысы болатын. Мұның жай қаулы емес, Президент Жарлығы болып шыққанында үлкен мән бар. Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлтымыздың ұлы ақынын ұлағаттауда ерекше жанашырлығы, тілге, әдебиетке деген жанашырлығы, Абай Құнанбаевтың шығармашылығына деген ұлы құрметі деп білу керек. Бұл Жарлықта ғылыми-практикалық конференциялар, Абайдың шығармашылығына қатысты әлем жұртшылығының қызығушылығын арттыру, әлемге Абайдың қадір-қасиетін, жұмбағын түсіндіру сияқты үлкен мақсат тұр. Оның ар жағында бұрын кеткен олқылық-кемшіліктерді ескере отырып, Абай шығармаларын әлемнің жетекші тілдеріне аударуға көңіл бөлінуде», - деді Ұлықбек Есдәулет.

Жазушылар одағы басшысының сөзінше, бұл мерейтойға Қазақстан ақын-жазушылары да бір кісідей атсалыспақ.

«Әрине, біздегі бүтін жазушы һәм ақынның атасы - Абай. Сол қаламгерлер Абай шығармаларын жас ұрпақ бойына ана сүтімен сіңіруге, қадір-қасиетін түсіндіруге бір кісідей атсалысады. Абай оқуларын өткізу, зерттеу мақалаларын жазу, оның жүріп өткен жерлерімен сапарлау, ақынға байланысты шығармаларды сахналау, толыққанды дұрыс фильм түсіру және тағы басқа жұмыстар атқарылып жатыр. Жаңадан поэтикалық қойылымдарды іске асыру, бүкіл балабақшадан бастап мектептерде Абай өлеңдерін жаттату, оның Қара сөздерінің мәнін ашып беру, басқа да көп іс шаралар жоспарланып отыр. Келесі жыл Түрксой бойынша немесе Қазақстан көлемінде Абай жылы болып жарияланатыны анық», - деді Ұ.Есдәулет.

Айта кету керек, 30 мамыр күні ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылы Абайдың 175 жылдық мерейтойын мерекелеу туралы Жарлыққа қол қойды.