18 сәу, 2017 сағат 06:14

Абайды соңғы рет қараған дәрігер кім?

Ілгеріде Нәстілек ақсақалдың үлкендерден естіген бір әңгімесін жазғанбыз. Ол Шәкәрімнің қалай шейіт болғаны туралы және қажыны кімнің атқаны хақындағы әңгіме болатын. Мақаланы біраз сайттар іліп әкетіп, оқырманға қолжетімді етті. Оған да алғысымызды білдіреміз.

Ендігі әңгіме де - сол Нәстілек Сәлменбетұлының ауызынан жазылып алған дүние. Сөз - Ұлы Абайдың бақиға аттанар алдындағы жай-күйі туралы болмақ. Бұл әңгіме - Ұлы кемеңгердің соңғы күндерінде басы-қасында болған, көзімен көрген адамдардың  естеліктері.

Бір ескерте кететін нәрсе – жазылған оқиғалардың барлығы абайтанушы ғалымдарға бұрыннан белгілі жәйттер.

Тіпті, осы бір кішігірім болса да, Абайдың дүниеден өтерінің алдындағы жағдай туралы баяндайтын маңызды тарихты Мұхтар Мағауин ағамыз кезінде «Жұлдыз» журналына да жазып, бастырған. Біздің міндет – осы тарихты интернетті ғана "ақпарат көзі" деп танитын жас буынның назарына жеткізу. Айтылған әңгімеде аз-кем қателіктер кетуі мүмкін екендігін де жоққа шығармаймыз.     

***

Нәстілек Сәлменбетұлы: Шұбартауда Бейсенбай Тойсарин және Бөжей Мыңғатов деген кісілер өткен. Сол кезеңде балаларды орысшаға оқытамыз деп жер-жерден шәкірт жинайды екен. Жоғарыда айтылған Бейсенбай Тойсарин мен Бөжей Мыңғатов Дағанды болысынан сол оқуға аттанған қараның ішіндегі аз адамның бірі болған. Екеуі алдымен Қарқаралыда орта мектепте оқып, кейін Омбыға кетеді. Қазіргі тілмен айтқанда, колледжде оқиды. Ол уақытта бай-болыстардың балаларын ғана оқытатыны да белгілі-тін. Патша үкіметінен сондай пәрмен де түскен.

Бейсенбай Тойсариннің арғы бабалары ауқатты адамдар болған деседі, ал ол орта табысты отбасынан түлеген бозбала екен. Ұлдарын қимаған байлар отыз тұсақтан мал жинап, олардың орнына осы Тойсарин мен Мыңғатовтарды оқуға жіберіпті.  

Абырой болғанда, олар коллежді алтын медальмен бітіреді. Колледж басшылығы екеуін білімін жетілдіруге Санкт-Петербургке жібереді. Бірақ, кейін оқу орнына «олар байдың балалары емес» деген арыз жетіпті дейді. Саясат сондай, екеуі әлгі арыздың салдарынан қашып, Том қаласына барады.

Екеуі де Томдағы Сібір университетіне түседі. Университетті Бөжей Мыңғатов медицина мамандығы бойынша бітірсе, Бейсенбай Тойсарин мал дәрігері болып тәмамдайды.

Екеуі 1898 жылдары елге оралады. Бейсенбай Тойсарин елді басқару ісіне араласып, жиырма жылдай болыс болады. Алаш қозғалысының өңірдегі белді өкілі ретінде ағартушылықпен айналысады (аңғарту: Б.Тойсарин салдырған мектеп Аягөз ауданы Мәдениет ауылында әлі де тұр. Бала кезімізде осы бір жан-жағы мүжілген көне ғимаратты сырттай қызықтап жүретінбіз. Бұл мектепте қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Мағауин және бірқатар шұбартаулық тұлғалар оқығанын ержете келе білдік. Алаш көсемдері Әлихан Бөкейхан, Міржақып Дулатов қуғында жүргенде Шұбартау өңіріне келіп, Тойсариннің үйін паналапты. Кеңес үкіметі орнап жатқан тұста Бейсенбай Тойсарин коммунисттерге ашық қарсы шығып, Абыралы көтерілісіне қатысады. Б.Тойсарин қазақ тарихында тұңғыш кәсіби мал дәрігері, жаңа зиялы толқынның басында тұрған ірі қоғам қайраткері ретінде белгілі. Бейсенбай Тойсарин сталиндік қуғын-сүргіннің құрбаны. Алматы облысында қашып жүрген жерінен НКВД ұстап алып, "үштіктің" үкімімен ату жазасына кесіліп дүниеден өтеді – А.Е.).

«Бұл енді - бөлек бір трагедиялы тарих...» - деп сөзін жалғады Нәстілек ақсақал. 

Бөжей Мыңғатов елге оралған бойда дәрігер қызметін атқарады. Ауылдарды аралап, елдің ішінде екпе жұмыстарын жүргізіп отырған.

Ал, енді ол туралы неге айтып отырмын?

Ұлы Абай Кең қоныс деп аталатын жайлауда мәңгілікке сапар шекті. Кең қоныс жайлауы - мына біздің Байқошқардан 20 шақырымдай жерде, Балашақпақ өзенінің арғы жағында жатқан кең алқап.

"Абайдың денсаулығы нашарлап жатыр" деген хабар лезде даланы шарлап кетеді. Ұлы ақынның туыстары күллі ел ауырса, барып қаралатын Бөжей Мыңғатовты шақыртады. 

Бөжейге ол кезде атқосшы боп Мұхтардың атасы Мағауия жүреді екен. Шамамен сол кезде Мағауия он беске келген жас жігіт. Ол кездің адамдары ерте ержетеді ғой. Бұл әңгіме - сол Мағауияның айтқан естелігі.

Бөжей Абайдың отырған жеріне жеткенде, атқосшысы екеуі ауылда қалыптасқан ауыр жағдайды байқайды. Ұлы Ақынның ауылы күңіреніп тұр екен дейді. Тіпті, маңайдағы малдың үні естілмей, есік алдында көлбеңдеп жүретін иттің бейнесі де көрінбейді екен. Ауылдың еңсесін зілдей бір қара бұлт - қайғы басып тұрғандай... Абай ауырып жатқанда, ешкім қатты сөйлемейді, қатты күлмейді дегендей ғой...

Ауылға жеткен Бөжей бірден Абай жатқан үйге кіріпті. Аз-кем аман-саулық, көңіл сұрасқан соң, дәрігер Абайды қарай бастаған. Содан кейін бір құтыдан ақ ұнтақ дәріні ішкізіпті. Ол кезде не дәрі бар дейсің, дәу де болса, сол ұнтақ "пенициллин" болуы керек. Абайдың хәлін көрген Бөжейдің көңіл-күйі бірден түсіп кетіпті. Дәрігер маман болғасын, Абайдың беті о дүниеге қарап тұрғанын түсінген ғой... Екі баласы бірінен соң бірі кеткен Абайдың қайғыдан қан қысымы қатты көтеріліп, түспей қойған деп ойлаймын.  

Ал, енді мынандай аңыз тағы бар. Шұбартауда Шөпқатар деген бір бақсы болған. Соны Абай шақыртып алып: «Сенің нағыз балгер-бақсы екеніңді білейін, мен осы аурудан өлемін бе, сауығамын ба?!» - деп сұрапты-мыс. Әлгі балгер жұлып алғандай: «Жазылмайсың, өлесің, Абай. Бүрсігүні жамбасың жерге тиеді...» - деп айтқан деседі. Абай риза болып: «Мен сені сынайын деп едім, ақиқатты айта аласың ба, жоқ бұлтарасың ба деп. Айтқан сөзің - дұрыс, өлетін күнімді өзім де біліп отырмын» - деген екен дейді.

Бұл енді аңыз әңгіме. Ал, анығы, әрине, Бөжейдің Абайды барып қарағаны. Бұл - аңыз емес, қасында атқосшы болып жүрген Мағауияның айтқаны.

Бөжей Мыңғатов, сонымен, Абайдың жүзін соңғы рет көрген аз адамның бірі.

Сол Бөжейді (қария адамды) жетпіске қараған шағында бір бұлақ басында суға талас болып, милиция кеп, аяусыз тепкілеп өлтірген екен. Осылай, балам...

***

Нәстілек ақсақалды ары қарай қинаған жоқпын. Онсыз да Шәкәрімнің опат болғанын айтамын деп күйзеліп кеткен еді, енді Абайдың қазасын айту қарияға ауыр тиді, білем. Менің өзіме де бұл екі әңгімені есту оңай болған жоқ.

Түн жарымда ауылға қарай шықтық. Қасымда Аягөзде тұратын ақын бауырым Ермек Дайырбай мен біздің ауылдың әкімі Бауыржан Мұқашев бар. Айтпақшы, Бауыржан Мұқашев жоғарыда айтылған Бейсенбай Тойсарин салдырған көне мектебінің дәл іргесіндегі үйде тұрады!

Олар бүгінгінің бір әңгімесін айтып келе жатты.

Мен болсам, мына қап-қараңғы Даланың түбінен Абайдың күрсінісін естігендей болып, көліктің жарығы аршып келе жатқан қара жолдан дәл қазір Шәкәрімді опат қылып, жалма-жан көме сала суыт кетіп бара жатқан жендеттердің жасағы кесіп өтердей алағызып отырдым...

Деректерді қағазға түсіріп, өңдеген: Ақберен Елгезек,

Ұлт порталы

(Мақаланы көшіріп басқанда дереккөзге сілтеме беру міндетті)