09 қаң, 2020 сағат 06:19

Абай туындылары барлық бояуын сақтай отырып аударылуы тиіс - Президент

Мемлекет басшысы «Egemen Qazaqstan» бүгін жарық көрген «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында нағыз ұлт ақындарын өзге тілдерге аудару – оңай шаруа емес екендігіне назар аударды.

«М.Әуезовтің «Абай жолы» романы арқылы Абай бейнесі көркем образ ретінде әлем әдебиетінде жоғары бағаланғаны белгілі. Бірақ бұл – Абайды танудың бір қыры ғана. Нағыз Абайды, ақын Абайды тану үшін оның өлеңдері мен қара сөздерінде айтылған ой-тұжырымдардың мән-маңызы ашылуы керек. Ол әлемнің кең таралған негізгі тілдеріне барлық бояуын сақтай отырып аударылуы тиіс. Бұған біз толық қол жеткізе алдық деп айту қиын. Нағыз ұлт ақындарын өзге тілдерге аудару – оңай шаруа емес. Аудармашы да сол ойшылдың деңгейіндегі талант болуы керек. Біздің абайтанушы ғалымдарымыз, тіл мамандары мен жанашыр азаматтар осы мәселеге ерекше мән бергені жөн» екені жазылған мақалада. 

Мақалада мәлім болғандай, ұлы ақынның шығармалары он тілге ағылшын, араб, жапон, испан, итальян, қытай, неміс, орыс, түрік, француз тілдеріне тәржімаланады.

Мемлекет басшысы ақын шығармалары тек қазақтың ғана емес, бүкіл адамзат баласының рухани өмірін жан-жақты байыта алатынына сенімді.

«Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Абай – қазақ халқының рухани қазынасына өлшеусіз үлес қосқан ғұлама ғана емес, сонымен қатар ол қазақ халқының ел болуы жолында ұлан-ғайыр еңбек еткен данагер. Абай – әлемдік деңгейдегі ойшылдардың қатарындағы ғажайып тұлға», деген болатын. Шынында да, дана ақын шығармалары тек қазақтың ғана емес, бүкіл адамзат баласының рухани өмірін жан-жақты байыта алады. Өйткені Абай туындыларының мазмұны жалпыадамзаттық құндылықтарға толы. Оның қара сөздері – әлем халықтарының ортақ қазынасы. Бұл – классикалық үлгідегі өнегелі ойлар шоғыры. Нақыл сөз, ғибратты сөз, ғақлия сөздер деп әрқилы аталғанымен, бұл – ерекше жанр» деп жазды Қасым-Жомарт Тоқаев.