09 там, 2016 сағат 18:47

Абай мұрасының орыс тілінде танылуы

Абайдың өмірі мен шығармашылық өнеріндегі ерекшелікті орыс қауымына алғаш таныстырушылардың өзі қазақтардың орысша оқып, Европаша білім алған дарынды ұлдары Ә.Бөкейхановтан басталып, осы дәстүрді әрі қарай жалғастырушылар – Нұқ Рамазанов, Сатылған Сабатаев, қазақ қыздарынан шыққан ағартушы, журналист Нұрғали мен Назипа Құлжановалар болатын-ды. Атақты ғалым, фольклорист Потаниннің өзі Абайды ағайынды Белослюдовтар арқылы білген. 

Орыс тілінде Абайдың өмірі мен шығармашылығын топтастырудың тұңғыш қадамын Әлихан Бөкейханов бастады. Бірақ, жазаға ұшырап, ол жазған аса бағалы еңбектердің бәрі де, тіпті оны атаудың өзіне де тыйым салынуы – соңғы ұрпақтың ол жөнінде мүлде хабарсыз қалуына алып келді. Яғни оның қаламынан туған еңбектің бәрі де ақтаңдаққа айналып кетті. 

Ә.Бөкейхановтың Абай туралы жазылған «Абай Құнанбаев» азанамасы (некролог) – абайтанудағы тұңғыш адым, бастапқы еңбектердің бірегейі болды. Өйткені орыс қауымы алғаш рет қазақ әдебиетінің классигі, қазақ әдебиетіндегі жаңа бағытты бастаушы жаңашыл, ойшыл ақын Абай туралы тұңғыш рет толық мағлұмат, жүйелі ұғым алды. Абайдың ақындық кітапхпнасының Европалық алғаш жетерліктей дәрежеде мән беріп, алғаш рет пікір айтқан автор да – Ә.Бөкейханов. 

1914 ж. «Әл-Шархиатта» басылған Нұқ Рамазановтың «Абай Құнанбаев (1845-1904)» мақаласы да бүкіл Ресей оқырмандарына қазақ әдебиетінің ұлы классигі Абайдың өмірі мен ақындық өнерін танытуда елеулі орын алды. 

Абайдың көзі тірісінде 1889 жылы «Дала уәлаяты» газеті мен 1896 жылғы Алекторовтың бастырған өлеңдері орыс тіліне аударылып басылғанымен, Абай атынан тарамай, Көкбайдың атымен тарған еді. Ол өлеңдер: «Лето» («Жаз») – аударған Сатылған Сабатаев, «О любви» («Желсіз түнде жарық ай», «Поэт»), «Адамның кейбір кездері», «Пожелейте меня», (« Өлсем орным қара жер сыз болмай ма») өлеңдерін Ақтөбелік Нұрғали (Нұқ) Рамазанов аударған. 

Бұдан соң, «Сибирский студент» журналына Абайдың «Желсіз түнде жарық ай» деген өлеңі шығады.

Ақынның көзі тірісінде 1903 ж. Санкт-Петербургте Бөкейханов берген мағлұматтар бойынша басылған «Ресей. Біздің Отанымыздың географиялық баяны» атты көптомдық жинақтың 18-кітабында А. Сидельников жазған мақалада: «Абай — қазақ әдебиетіндегі жаңа бағыттың өкілі» деген баға берілген. Абай шығармалары жеке кітап болып басылғанға дейін-ақ халық арасына қолжазба түрінде және ауызша тараған. 1914 ж. Мәскеуде жарық көрген «Восточный сборник» атты кітапта Абайдың өмірі мен шығармалары туралы мағлұмат келтіріліп, бірнеше өлеңінің мазмұны орыс тілінде қара сөзбен берілген. 1914 ж. Санкт-Петербургте шыққан «По киргизской степи» деген кітабында Дмитрий Львович «Татьяна хаты» ел ішінде әнге салып айтылып жүргенін ескертеді.

Абай мен М.Дулатовтың өлеңдерін алғаш орыс тіліне аударғандардың бірі – Сатылған Сабатаев Ол Абайдың «Жаз» деген өлеңін алғаш қара сөзбен аударады. 

Сатылған Сабатаев 1874 жылы Жетісу облысы Верный уезіндегі Үлкен Алматы болысында туған. Ата-анадан ерте айырылып, Верныйдағы ерлер гимназиясында оқиды. Мәскеудегі Лазарев атындағы Шығыс тілдері институтын бітіреді. Бішкек, Жаркент қалаларында қызмет атқарады. 

1921 жылы жолсапармен Қарқаралы жаққа барғанда қаңғыбас бұзақылардың қолынан қазаға ұшырайды. Сол жылы «Қазақ тілі» үнқағазына азанама жазылып, қайғысына жора-жолдастары ортақтасқан болатын.

Алмахан Мұхаметқалиқызы

Ұлт порталы