28 ақп, 2019 сағат 09:39

Абақтыда жатқан баласына ұялы телефон бермекші болған әйел ұсталды

Алматы қаласындағы ЛА-155/18 тергеу изоляторының қабылдау-тапсыру бөлмесінде абақтыда жатқан баласына жасырын түрде ұялы телефон бермекші болған әйел ұсталды, деп хабарлайды Алматы қаласы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің баспасөз қызметі. 

Оның азық-түлік салып әкелген сөмкесінен сим-картасы жоқ «Самсунг» маркалы ұялы телефон табылды. 6 жылға сотталған баласына сәлемдеме әкелген анаға бас бостандығынан айыру орнына әкелуге болмайтын тыйым салынған заттар туралы алдын ала ескертілген болатын. 

Бұл фактіге қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 481-бабы бойынша хаттама толтырылып, материал сотқа жіберілді. Аталған бапта Қылмыстық-атқару жүйесiнің мекемелерiнде, арнаулы мекемелерде ұсталатын адамдарға тыйым салынған заттар, бұйымдар мен нәрселерді жеке тексеруден жасырып беруге әрекеттену он айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға, сонымен қатар әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған әрекеттер жиырма айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға не отыз тәулiкке дейiнгі мерзімге әкiмшiлiк қамаққа алуға әкеп соғатыны атап көрсетілген.

Гүлнәр МАҒЗҰМОВА