22 шіл, 2019 сағат 10:18

Абаев Орталық коммуникациялар қызметіне қатысты пікір білдірді

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі құрылуына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бүгін Мемлекет басшысының Жарлығымен Орталық коммуникациялар қызметі ҚР Президенті Әкімшілігінің басқаруына берілді. Бәрінен бұрын, үш жылдан астам уақыт бірге жұмыс істеген ОКҚ қызметкерлеріне жылы лебізімді білдіргім келеді. Құрметті әріптестер, сіздердің күш-жігерлеріңіз әрі тынымсыз еңбектеріңіздің арқасында Қызмет жұмысын айтарлықтай жаңғыртып, оның тиімділігі мен беделін журналистер, сарапшылар және қоғамдастық алдында арттыруға мүмкін болды. Соңғы буынды техникамен жабдықталған жаңа баспасөз орталығының ашылуын біздің ортақ үлкен жетістігіміз деп санаймын», - деп жазды Дәурен Абаев әлеуметтік желідегі парақшасында

Осы орайда министр аталған медиа-алаң Елбасының, Қазақстан Президентінің, сондай-ақ БАҚ өкілдерінің жоғары бағасына ие болғанын атап өтті. Тек 2019 жылы осында 127 шара өткізілді, яғни баспасөз мәслихаты, телекөпір, сарапшылық пікір алмасу, өңірлер мен шетелге тікелей байланысқа шығу ұйымдастырылды. Сонымен қатар ведомство басшысы ОКҚ алаңында Қазақстан Президенті сайлауының нәтижесі жарияланғанын еске салды.

Орталық коммуникациялар қызметі мінбесінен түрлі резонансты оқиғалар бойынша мәлімет таратылғанына тоқталған Д. Абаев, «Еліміздегі қоғамдық-саяси күн тәртібі екпінді түрде өзгеруде. Осы ретте ақпараттық блок алдында жаңа міндеттер бар. Сондықтан Мемлекет басшысының бүгінгі шешімі осының барлығын ескеріп, қамтып тұр. Осыған байланысты баршаңызға шын жүрегімнен сәттілік тілеймін және істеріңіз тек алға бассын. Рахмет!», - деді.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Мемлекет басшысы ҚР Президенті жанындағы «Орталық коммуникациялар қызметі» республикалық мемлекеттік мекемесін құру жөніндегі Жарлыққа қол қойды

Президент Өкімімен Талғат Қалиев ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің басшысы болып тағайындалды.