23 қаң, 2017 сағат 15:43

Абаев қытайларға тұрмысқа шыққан қыздарға қатысты статистикалық мәліметті жария етті

- ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев Фейсбуктағы парақшасында қытайларға тұрмысқа шыққан қазақстандық қыздарға қатысты статистикалық мәліметті жария етті.

«Жұмыс барысында Статистика комитетінің мынадай бір деректерін кездестірдім. Жалпы, бұл цифрлар осыған дейін Фейсбукте қызу талқыланған мәселеге қатысты болғандықтан, оқырмандарыма маңызды болар деп ойлаймын» делінген жазбада.

Абаевтың мәлім етуінше, соңғы алты жылда 34 қыз ғана қытай жігіттерінің жары болған.

«Қарап отырсақ, 2010 жылдан бастап 2016 жылғы сәуір айына дейін ҚХР азаматтарына 253 қазақстандық тұрмысқа шыққан көрінеді. Соның ішінде, 190 қазақ қызын Қытайда тұратын өз қандастарымыз, яғни қазақ жігіттері жар еткен. Осы уақыт ішінде, яғни алты жылда этникалық қытайлармен некеге тұрған қыздар саны  небәрі 34», - деп жазды Дәурен Абаев.

Ал, осы кезең ішінде Қазақстанның 277 азаматы ҚХР қыздарына үйленген. Соның ішінде 244-і - Қытайда тұратын қазақ қыздарымен бас құраған қазақ жігіттері.