27 қар, 2017 сағат 08:35

75 жастағы ақсақал сексеннен астам қожалықтың басын біріктіріп отыр

Шардарада алғашқылардың бiрi болып ауыл шаруашылығы өндiрiстiк кооперативiн құрған азамат – Мүсәлiм Базарбаев ақсақал. Ұзақ жылдан берi егiн егумен шұғылданып келе жатқан кәнiгi диқан ауыл шаруашылығы саласында болып жатқан жаңалықтар мен өзгерiстердi қалт жiбермей қадағалап отырады. Өзi де тынбайтын, өзгеге де тыным бермейтiн қария бұған дейiн «Береке 1» СПК-сын құрған болатын. Құрамындағы шаруа қожалықтарымен бiрлесе отырып, 878 гектар алқапқа Қызылқұм каналынан су шығарған Мүсекеңнiң жанкештi еңбегiн бүкiл шардаралықтар мақтан етiп айтады.

Шаруа қожалықтарын iрiлендiрiп, бiр жерден басқаруды оңтайландыруға, сөйтiп, өнiмдiлiктi арттыруға бағытталған «Ауыл шаруашылығы өндiрiстiк кооперативтерiн құру туралы» заң шыққанда Мүсәлiм ақсақал бiрден құптаған едi.

– Елбасымыз ауыл халқының жағдайын арттыруға баса назар аударып отыр. Шаруалардың игiлiгi үшiн кооперативтерге бiрiктiру жүйесi қолданысқа енгiзiлгенде қатты қуандым. Кейiн «Мәриям» ауыл шаруашылығы өндiрiстiк кооперативiн құрдық, — дейдi Мүсәлiм Базарбайұлы.

Қазiргi таңда «Мәриям» АӨК-iнде 80-нен астам шаруа қожалығы мүшесi бар. Кооператив мүшелiгiне қала мен Жаушықұм, Қ.Тұрысбеков және Қоссейiт елдi мекендерiнiң шаруалары кiрiптi. Олардың тең жартысы мал шаруашылығымен айналысса, жартысы жер төсiн емген диқандар.

Мүсекең қазiргi таңда мал соятын алаң салуды бастап жатыр.  «Ауыл шаруашылығын  қаржылай   қолдау  қоры» АҚ арқылы 11 млн. теңге жеңiлдетiлген несие қаржыға қол жеткiзiп, оған мал союға арналған аппараттар сатып алды. Тоңазытқыш, лабораториялық цехтың керек-жарақтары, басқа да қажет дүниелерге тағы да несие алмақшы. Мүсәлiм ақсақалдың жоспары бойынша келесi жылдың басынан бастап несие қаржы қолға тисе, мал сою алаңын iске қосады.

– Бордақыланған малдың етiн өзiмiзде өндiрудiң жолын қолға алмақпын. Ол жерде жұмыс iстейтiн технолог мамандарды да ойластырып қойдым. Дайын еттен шұжық, консервi жасап шығару, сүт өнiмдерiн өңдеу, құс фермасын салу сияқты шаруаларды бизнес-жоспарға енгiзгенмiн. Келешекте 200 адамды жұмыспен қамтып, осындай көпсалалы өндiрiс орнын ашамын деп отырмын. Қазiр 75-ке келдiм. Үйде зейнетақымды алып, тыныш қана жатсам да болады. Бiрақ, мен олай ете алмаймын. Мемлекетiмiз шаруаларға мүмкiндiктi берiп отырғанда  үйде қарап жатқым келмейдi, — дейдi Мүсәлiм ақсақал.

Айтпақшы, биылғы жылдың өзiнде 30-ға тарта кооператив мүшелерiне субсидия алып берiптi. Iрiленгеннiң арқасында iс алға жылжып жатқанының бiр белгiсi осы.

Әдiл ӘБДIРАМАНОВ, «Оңтүстiк Қазақстан»

Шардара қаласы