14 қар, 2018 сағат 10:27

«7-20-25» бағдарламасымен қолданыстағы үйлер қашан беріледі?

Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов «Нұр Отан» партиясының бастауыш ұйымдарының республикалық форумында мемлекеттің «7-20-25» бағдарламасы арқылы азаматтарға екінші деңгейлі үйлерді сатып алу мүмкіндігін беруді әзірге көздемейтінін айтты, деп хабарлайды Baq.kz агенттігі.

Форум барысында министрге залда отырғандар былай деп сұрақ қойды: «7-20-25» бағдарламасы бойынша екінші деңгейдегі тұрғын үйді пайдалану мүмкіндіктері қарастырылып жатыр ма? Отбасылық табысы 100 мың теңге болатын, бірақ екі-үш баласы бар адамдарға бағдарлама бойынша баспана алу өте қиын. Кірісі төмен отбасыларға бағдарлама бойынша баспана алу мәселесі қалай шешіледі».

Өз кезегінде, Тимур Сүлейменов бағдарлама бойынша алғашқы жарнаны субсидиялауға жергілікті бюджет жауап беретінін айтты.

«Әкімдіктермен бірге атқарған жұмысымыздан көрінгендей, жергілікті бюджетте ақша бар. Бағдарлама өзіңіз білетіндей енді жанданып келеді. Әкімдіктер қажетті қаражаттың жетпей жатыр деген мәселе көтеріп отырған жоқ. Ал жаңа үйлерден бөлек, қолданыстағы үйді бағдарлама бойынша алу мүмкіндігін беру туралы сұрақ бірнеше рет көтерілді. Осы бағдарлама арқылы біріншіден азаматтарды баспанамен қамту, екіншіден құрылыс қарқынын үдету көзделген. Мемлекет беріп жатқан қаражат барынша тиімді жұмсалса деген мақсат қойып отырмыз. Сондықтан, адамдарға субсидия берген кезде олар үй алып, жаңа үйлер бой көтеріп жатса, жұмыс орындары ашылады, салық төленеді. Бағдарламаның жүзеге асырылып жатқанына бір жыл толмай жатып, екінші деңгейлі үйлерді сатып алу мүмкіндігін қарастырып жатқан жоқпыз. Бұлай жасасақ жаңа үйлерді тұрғызу міндетін орындай алмай қалуымыз мүмкін», - деді Сүлейменов.

Министр кірісі төмен отбасылар үшін алғашқы жарнаны төмендету туралы сұраққа жауап берді. Ол бағдарламаның әлеуметтік тұрғын үй бағдарламасы емес екенін ескертті.

«Рационалды, прагматикалық мінездемеге ие, жұмысын істеп, зейнетақы аударымын жасап отырған адам өзі үшін депозит немесе Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы ақшасын жинап, баспана алу құқығына ие болуы тиіс. «7-20-25» бағдарламасынан бөлек, елімізде әлеуметті тұрғын үй бағдарламасы бар. Мемлекет ондай топтағы адамдарды шетке ысырып тастады деуге болмайды. Ол бағдарламалардың да ауқымы кеңейе береді. Ал «7-20-25» бағдарламасы белгілі бір жинағы бар адамдарға арналған», - деді Ұлттық экономика министрі.