12 жел, 2018 сағат 09:32

«7-20-25» бағдарламасы бойынша үй алудың жай-жапсары

Мемлекеттің әл-ауқатын арттыру мақсатында елімізде атқарылып жатқан істердің саны баршылық. Оның алдыңғы қатарында тұрған – «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты Елбасымыздың  халыққа үндеуі.

Қырдағы және қаладағы жұртшылықты жоспарлы жұмыс жасауға шақыратын бұл үндеудің алғашқы бастамасы – «Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру» деп аталады. Мемлекет басшысы 2017 жылы 11,2 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілгенін рекордтық көрсеткіш ретінде атап көрсетіп, әлі баспанасыз жүрген отбасылардың әлеуметтік мәселесін де күн тәртібінен тыс қалдырмады. Бұл жағдайдың шешімі ретінде «тұрғын үй ипотекасының қалың көпшілікке қолжетімді болуын және жұмыс істейтін әрбір адамның несиеге пәтер сатып алып, оны төлеу үшін арзан ресурстар жасалу керектігі» тапсырылды.

Осы бағытта несие өсімінің мөлшері 7 пайыздан аспайтын «7 – 20 – 25» бағдарламасы жүзеге асырылды. Бұл бағдараламаның басқа бағдарламалардан артықшылығы басым. Қазіргі банктер бастапқы жарнасына баспана бағасының 30 пайызына дейін, кейде 50 пайызына дейін төлеуді талап ететін болса, «7 – 20 – 25» бағдарламасы бойынша жарна мөлшері 20 пайыздан аспауы керек. Несие төлеушінің ай сайынғы төлемақысын азайту үшін оның уақыты 10-15 жылға емес, 25 жылға дейін дейін болады. Осы бағытта Ұлттық банктің және екінші деңгейлі банктер мен қор нарығының мүмкіндіктерін де пайдалану керек.

Бағдарлама бойынша банктерден қарызды тек валютамен ғана алады. Қарыз бергені және қызмет көрсеткені үшін банктерге комиссия ұстауға тыйым салынған. Бағдарламаға қатысу үшін еңбек және кәсіпкерлік қызметтен алынатын кірісті, меншік құқығында тұрғын үйінің болмауын растайтын құжаттар, сонымен қатар Қазақстан Республикасының азаматы болуы шарт. Осы бойынша baspana72025.kz ресми-интернет ресурсында орналасқан қатысушы банктердің біреуіне өтініш жасау қажет.

Егер қарыз алушының кіріс көзі жетпеген жағдайда, жарнаны төлей алмайтын болса, қаражат мөлшеріндегі материалдық зат қабылданбайды. Мұның орнына қоса қарыз алушыны тартуға болады. Яғни, жұбайына, жақын туыстарына қарыз алуға мүмкіндігі бар. Бірақ қоса қарыз алушыларға бағдарламадағы талаптардан басқа банк дербес талаптар қояды.

Бағдарлама бойынша қарыз алу мүмкіндігі тек Қазақстан Республикасы аумағындағы тұрғын үйлерді сатып алу үшін беріледі. Сатып алуға болатын тұрғын үйлердің ең жоғары құны – Астана, Алматы, Шымкент, Ақтау және Атырау қалалары үшін 25 млн теңге болса, басқа өңірлер үшін – 15 млн теңге. Тұрғын үйдің ауданы шектелмейді, сондай-ақ қарыздың да ең жоғары мөлшері белгіленбейді, тек бастапқы жарнаны ғана ескеру керек. 25 жылға бөлінген қарызды мерзімінен бұрын өтеуге де мүмкіндік бар. Ол үшін ешқандай айыппұл салынбайды.

Сатылымға қойылған тұрғын үйдің салынған жылдарына шектеу қойылмайды, себебі пайдалануға берілген тұрғын үйлерге ғана рұқсат беріледі. Сонымен қатар, сатып алынуына қарыз берілетін обьектінің тізімдері де жоқ, әрбір қарыз алушы бағдарлама бойынша баспананы өзі таңдай алады. Бағдарламаға қатысу үшін арнайы кезекке тұру да қарастырылмаған, Қазақстан Республикасының азаматтары үшін тең құқық берілген. Бұл бағдарлама мемлекеттің халыққа көрсеткен ақысыз көмегі ретінде қабылданбауы тиіс. Бағдарлама шарттары қатаң тәртіппен қадағаланады. Ереже сақталған жағдайда еліміздің әрбір тұрғыны өз тұрғын үй мәселесін шешуге мүмкіндік алады. Осының нәтижесінде миллиондаған қазақстандықтың баспаналы болғанының куәгері боламыз.

Бұл тек тұрғын үй мәселесі кеңістігіндегі жетістік қана емес, сонымен бірге, экономиканың да өрістеуіне жол ашады. Яғни, шағын және орта бизнестің қарқынды дамуына айтарлықтай үлес қосады. Осы арқылы  ел азаматтарының арманының орындалуы – елдің арман-мұратының жүзеге асқаны деп білеміз.