13 шіл, 2018 сағат 14:38

"7-20-25": Астана мен Алматыда банк күніне 1500-1900 адамды қабылдап жатыр

Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі "7-20-25" бағдарламасының шарттарын түсіндіру мақсатында мобильді топтар құрды, деп хабарлайды банктің баспасөз қызметі.

"Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі қызметкерлері мен штаттан тыс кеңесшілері кіретін мобильді топтар "7-20-25" бағдарламасына қатысу шарттарын азаматтарға түсіндіру үшін кәсіпорындар мен ұйымдарға шығатын болады. Алғашқы 8 топ Алматы қаласында құрылды, алдағы уақытта бұл бастамаға басқа да аймақтар қосылады", — деп хабарлады банк.

Күніне 1500-1900 адам

Бұл шешім банк филиалдарындағы кезекті азайту үшін қабылданған. Жаңа тұрғын үй бағдарламасы іске қосылған соң бөлімшелердегі клиент саны бірнеше есе артыпты. Астана мен Алматыда орналасқан ең ірі бөлімдер күніне 1500-1900 адамнан қабылдап жатыр.

Банк менеджерінің қызметін алу үшін ең ұзақ кезекте елорда тұрғындары тұруға мәжбүр. Себебі жалпы кеңес беру мен 7-20-25 бағдарламасы бойынша өтінім қабылдаудан бөлек Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің астаналық филиалдарында "Нұрлы жер" бағдарламасы аясында 300-ден астам заем ресімделіп, беріліп жатыр. Бұдан бөлек "Өз үйім" бағдарламасы бойынша да 162 пәтер сатылуда. Сондай-ақ банк қазір әскери қызметшілермен де белсенді жұмыс жүргізіп отыр. Астанада әскерилердің 3 500-дай арнайы шотына қызмет көрсетіледі.

"Осындай жағдайдың орын алып, банк клиенттерінің уақытын кезекте тұруға жұмсап жатқандарына өкінішімізді білдіреміз. Бастапқы кезеңде бөлімшелерімізді штаттан тыс кеңесшілермен қосымша күшейттік. Салымшыларымыз банктің қазіргі жұмысының бізге хабарласқан әр клиенттің қажет ақпарат алып, мәселесін барынша жылдам және жайлы шешуге бағытталып жатқанын білуі керек", — деп түсіндіріп өтті Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі басқарма төрайымының орынбасары Жанар Жұбаниязова.

Банкке барудың қажеті жоқ

Ол қазіргі уақытта банктің бөлімшеге бармай-ақ кеңес алуға арналған түрлі құралдар мен әдістердің ұсынып отырғанын атап өтті.

Мысалы, клиенттерде видеобайланыс орнату арқылы қашықтан кеңес алу мүмкіндігі бар. Ол үшін hcsbk.kz сайтына немесе baspana.kz порталына өтіп, оң жақта орналасқан видеобайланыс белгісіне басу керек. Бұл қызметті смартфон арқылы да, кәдімгі компьютер арқылы да алуға болады.

Видео кеңес алу қызметінің көмегімен клиент депозит және несие, жаңа келісім-шарт бекітуге қатысты кеңес алып, шот бойынша көшірме ресімдеп, постдепозиттік операциялар жүргізіп, анықтамалар ала алады. Сондай-ақ Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі менеджері жаңа қызметтің көмегімен кеңес беруден бөлек сайтпен, "ЖССБ 24" интернет-банкингімен және Baspana.kz жылжымайтын мүлік порталымен жұмыс жүргізуге көмектеседі.

Қызметті жұмыс күндері 9.00 мен 19.00 аралығында пайдалануға болады. Ал сенбі күндері оператор 9.00-ден 13.00-ге дейін жұмыс істейді.

"Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі клиенттерінің 60%-дайы үйде немесе жұмыста отырып-ақ кеңес алып, тіпті депозит ашып жатады. Бұл банк кеңесшілерінің арқасында мүмкін болып отыр. Оларды өзіңе ыңғайлы уақытта және орынға шақыру үшін келесі сілтеме арқылы өтіп, қаланы таңдап, байланысу керек: https://hcsbk.kz/contacts/network-agents/. Сонымен қатар кеңес алу үшін банктің колл-орталығына 300 нөмірі бойынша қоңырау шалуға, hcsbk.kz сайтында "Кері байланыс" формасын пайдалануға немесе Facebook, Instagram және ВКонтакте әлеуметтік желілеріндегі ресми парақшаларға хабарласуға болады", — деп жазылған хабарламада.