12 қыр, 2018 сағат 13:23

6 жасар Бекмансұр көлік сүйреп, рекорд орнатты (Видео)

Ақмола облысында 6 жасар Бекмансұр жеңіл автокөлікті 20 метрге дейін сүйреп, рекорд орнатты. Бұл туралы Әмір Махмет есімді Фейсбук қолданушы өз парақшасында жариялады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Автордың жазбасында көрсетілгендей, оқиға «Денсаулық күні» фестивалінде Целиноград ауданының Қажымұқан ауылында болған. 

«Бүгін «Денсаулық күніне» орай біздің ауылда, қазақтың біртуар балуаны Қажымұқан Мұңайтпасовтың туған жерінде 6 жасар Бекмансұр жеңіл автокөлікті 20 метр қашықтыққа дейін тартып, рекорд орнатты. Өзінің кішкентай болғанына қарамастан, Бекмансұр нағыз батыр. Ол мені өзінің ағасындай көріп, үнемі жақын тартып жүреді. Мен мұны мақтан тұтамын. Астана қаласында тұратын жас батырдың алғашқы жеңісінің куәсі болу мен үшін, біздің ауыл тұрғындары үшін зор мәртебе! Алға, інім! Қанатың ешқашан талмасын! Қажымұқан атамыздай балуан бол! Аллам өзіңді қолдасын!», - деп жазды желі қолданушысы Әмір Махмет.

Еске сала кетейік, Қазақстанның Гиннес рекордтар кітабында кеудені жерден көтеру спорты бойынша бес дүркін рекордшы, сондай-ақ денені бірқалыпта ұстау бойынша әлемдік рекордсмен атағының иегері Әмір Махмет өткен жылы Астана қаласындағы ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі маңында шөлмектерде 53 жаттығу жасап, жаңа әлемдік рекорд орнатқан болатын.