09 шіл, 2018 сағат 09:25

52 адам қаза болған автобус өрті: Кінәлілер сот алдында жауап береді

Ақтөбе облысының прокуратурасы Ақтөбе облысы Ырғыз ауданында автобустың өртенуі салдарынан Өзбекстанның 52 азаматының мерт болуына байланысты істі сотқа жолдады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Құзырлы органның хабарламасына сәйкес, аталған істе бес адам айыпталушы деп танылған. Оның үшеуі автобус жүргізушісі, сондай-ақ «Азия транзит сервис» ЖШС-нің екі қызметкері - құрылтайшы мен серіктестіктің механигі. Аталған айыпталушылардың міндеті - рейске шығар алдында автобусты тексеру болған.

«Компания құрылтайшысының әрекеті коммерциялық ұйымдарда міндеттеріне адал қарамау (ҚК-нің 254-бабы), екі және одан көп адамның қаза болуына әкеп соққан жарамсыз автокөлік құралын пайдалануға енгізу, сондай-ақ ресми құжатты қолдан жасау, көрінеу жалған құжатты пайдалану (ҚК-нің 385-бабының 1 және 3-бөліктері) ретінде сараланды», - делінген хабарламада.

Механиктің әрекеті екі және одан көп адамның қаза болуына әкеп соққан жарамсыз автокөлік құралын пайдалануға шығару (ҚК-нің 348-бабының 4-бөлігі) ретінде танылып отыр. Ал автобус жүргізушілерінің әрекеті екі және одан көп адамның қаза болуына әкеп соққан көлік құралын пайдалану қағидаларын бұзу (ҚК-нің 345-бабының 4-бөлігі) және екі және одан көп адамның абайсызда қаза болуына әкеп соққан өрт қауіпсіздігі қағидаларын бұзу (ҚК-нің 292-бабының 3-бөлігі) ретінде сараланған.

«Сот автобус жүргізушілеріне қамауда күзетпен ұстау түрінде бұлтартпау, серіктестіктің басшысы мен механикке қатысты кепіл түрінде бұлтартпау шарасын таңдады. Автобус иесіне күзетпен қамауда ұстау түрінде бұлтартпау шарасы тағайындала отырып, халықаралық іздестіруге жарияланды», - деп хабарлайды Бас прокуратураның баспасөз қызметінен.

Еске сала кетсек, осы жылдың қаңтарында Самара-Шымкент тасжолында автобус өртеніп, 52 адам қаза болған еді. 18 қаңтар күні Астана уақытымен сағат 10:30-да Ырғыз ауданының Қалыбай ауылына жақын маңда автобустан өрт шығып, оның салдарынан 52 жолаушы көз жұмған болатын.