03 сәу, 2018 сағат 09:59

50 проценттік үстемеақы: Күзде мұғалімдер аттестациядан өтеді

Ағымдағы жылы мектеп мұғалімдерінің аттестациясы өтеді. Соның нәтижесі бойынша жалақыға 50 проценттік үстемеақы қосылады, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің айтуынша, бүгінде республика бойынша 285 мыңнан астам мұғалім жұмыс істейді. Олардың тең жартысы - жоғарғы және бірінші санаттағы мұғалімдер.

«Қазіргі кезде мұғалімдерге нақты талап қоятын педагогтың кәсіби стандарты бекітілді. Аттестациядан өткізу жүйесі талқыланып жатыр. Аттестацияны күзде жаңа оқу жылы кезінде бастайтын боламыз», - деді Е. Сағадиев Үкіметтің бүгінгі отырысында.

ҚазАқпарат тілшісіне сұxбат берген ҚР Білім және ғылым вице-министрі Асxат Аймағамбетов аттестацияның нәтижесі бойынша 50 проценттік үстамеақының төленетінін растады.

«Қазір аттестацияның жаңа тәртібі бекітіліп жатыр. Бұл - Елбасының тапсырмасы. Соның нәтижесі бойынша ұстаздарға 30-50 процентке дейін үстемеақы төленетін болады», - деп атап көрсетті А.Аймағамбетов.