08 қар, 2018 сағат 10:46

50 мыңнан астам қазақстандық педагог біліктілік тестілеуінен өтті

Білім және ғылым министрлігі педагог мәртебесін жоғарылату мақсатында аттестаттаудың жаңа түрін енгізген болатын. Тестілеу ағымдағы жылдың 3-5 қараша аралығында жүргізілді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Еліміздің барлық өңірінен 51 271 мұғалім «педагог-сарапшы», «педагог-зерттеуші», «педагог-модератор», «педагог-шебер» санаттарын алу мақсатында тестілеуге қатысып, жақсы нәтижелер көрсетті.

Орта білім беру ұйымдарының педагогтары Ұлттық біліктілік тестілеуін 36 ЖОО, 2 колледж және 27 мектепте ұйымдастырылған пунктілерде тапсырды. 34 185 педагог тестілеуді сәтті тапсырды, оның ішінде: «педагог-модератор» - 10346 (72%), «педагог-эксперт» - 12215 (65%), «педагог-зерттеуші» - 10957 (65%) және «педагог-шебер» - 667 (53%).

Өткен тестілеумен салыстырғанда қараша айындағы тестілеуде шекті деңгейден өткен педагогтардың саны артқанын байқауға болады. Естеріңізге сала кетейік, Ұлттық біліктілік тестілеуінің нәтижесінде мұғалімдердің жалақысы біліктілігінің расталуына байланысты өседі.

Ұлттық біліктілік тестілеуі - сұрақ кітапшасы мен жауап парағын пайдалану арқылы жүзеге асырылатын кешенді тестілеу. «Оқу әдістемесі мен педагогика» модульдері бойынша әзірленген сұрақтардың 70 пайызы пәндік білімге және 30 пайызы педагогика мен әдістемеге бағытталған.