10 қаң, 2020 сағат 14:30

450 мың теңге – Адалдық департаментінің басшысы жалақысын атады

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Адалдық департаментінің басшысы Данияр Сабырбаев жалақысының көлемін атады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Жалақым - 450 мың теңге. Осындай хайптан кейін барлық жиналыстарымды осы мәселеден бастаймын. Бұл тақырыпты қозғаған журналистерге рахмет», - деді ол.

Сонымен қатар ол еліміздің Ауыл шаруашылығы вице-министрі Гүлмира Исаеваның өткен жылдың желтоқсанында 2,5 млн теңге көлемінде сыйақы алуына қатысты ақпаратқа пікір білдірді.

«Біз жалақымызды мақтан етеміз және мұны жетістігіміз деп санаймыз. Бір жағынан мұндай жалақы төлей алатындығына Ауыл шаруашылығы министрлігі үшін қуаныштымыз. Вице-министрдің жауапкершілік деңгейін, ұйым үшін мұндай лауазымның маңыздылық деңгейін ескерер болсақ, бұл жалақы лайықты деп ойлаймын», - деді департамент басшысы.

Данияр Сабырбаев мемлекеттік қызметшілердің лайықты жалақы алып, басқа мәселелерге бас қатырмауына тілекші екендігін айтты.

«Өйткені лайықты жалақы – бұл жемқорлыққа қарсы іс-қимыл базисінің бірі. Мемлекеттік қызметшілер неге аз жалақы алуы тиіс деп ойлайсыздар? Меніңше, ол еңбек демалысы төлемін, сыйақы алса және бәрін қосса 3 млн шығып қалар. Мүмкін ол сыйақы мен үш жылдық еңбек демалысы төлемін алған шығар», - деді ол.