16 шіл, 2020 сағат 11:55

42500 теңге кімге беріледі - Министр мәлімдемесі

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов 42500 теңге жәрдемақы берілетін санаттарды жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ертеңнен бастап шілде айына 42500 теңге төлеу жөнінде өтінім қабылдауды бастаймыз. Мұндағы жалпы негізгі қағидат – бұл төлем жұмыс істеп жүрген және карантиннің күшейтілген шараларына қатысты табысынан айырылғандарға төленеді. Біріншіден, бұл жәрдемақы карантиндік шектеулерге қатысты ақысыз демалысқа жіберілген жалдамалы жұмыскерлерге беріледі. Бұл жерде өтінішті тек жұмыс беруші жібереді. Жұмыс берушілерге қойылатын бір ғана шарт – олардың жұмысы карантинде тоқтап қалса ғана беріледі. Оны жергілікті аудан, қала бойынша штаттар, Атамекен ҰКП өңірлік өкілдері тексереді. Себебі, қазіргі шектеу шаралары жеңілдеу болғанымен, әр өңірде бас санитарлық дәрігерлер өз шектеулерін қойып жатыр», - деді министр Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте. 

Екіншіден, карантинде жұмысы тоқтап қалған жеке кәсіпкерлер, жеке практикамен айналысатындарға 42500 теңге төленеді. Оны да аудан, қаладағы штаб пен салық комитетінің өкілдері белгілейтін болады. 

«Үшіншіден, азаматтық-құқықтық сипаттағы келісім бойынша жұмыс істеп жүрген фрилансерден өтінішті өздері береді. Бұл өтініштер штаб арқылы өтпейді, тікелей жіберіледі. Бұл кісілерге бір шарт – осы 2020 жылы 6 айдың ішінде бір рет болса да зейнетақы жарналарының аударылуы. Бұл қатарға кәсіпкерлікпен ай сайын тұрақты түрде бірыңғай жиынтық төлем (БЖТ) төлеп жүрген кәсіпкерлер де кіреді. Соңғы санат – өз бетінше жұмыс істеп жүргендерге 42500 теңгені алуға болады. Бұл жолғы өзгеріс – өткендегідей БЖТ төлеудің қажеті жоқ, төтенше жағдай кезінде төледіңіздер, біз соны ескереміз», - деді министр.