29 қаз, 2018 сағат 12:03

29 қазан – Дүниежүзілік инсультке қарсы күрес күні

Алғаш рет 2006 жылы Дүниежүзілік инсультке қарсы күрес күні болып (World Stroke Organization (WSO) ұйымының бастамасымен) қабылданған осы күн әлемнің 40 мемлекетінде жыл сайын аталып өтеді. Мақсаты - қан айналымы жүйесі аурулары мен олардың асқынуын дер кезінде анықтау үшін адамдардың өз денсаулықтарына деген жауапкершіліктерін арттыру; сырқаттың алдын алу шараларын жүргізу; осы бағытта туындаған өзекті мəселелерге қоғамның, әлемнің назарын аудару.

Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының жарғысында «Денсаулық – физикалық ақаудың, аурудың болмауы ғана емес, адамның физикалық, психикалық, рухани және әлеуметтік тұрғыдағы толыққанды белсенділігі» ретінде түсіндіріледі.

Қазір белсенділік, қимыл-қозғалыс азайды, қарапайым қағидалар қаперге алынбайды. Миокард жіті инфарктінің, инсульттің, жүрек жеткіліксіздігі мен басқа да аурулардың асқыну қаупінің артқаны байқалады.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының 2014 жылы инсульт сырқатын «ғаламдық індет» деп жариялауы тегін емес. Сырқат уақыт  өткен сайын жасарып келеді. 1990-1995 жылдары инсульт алған адамдардың ең жасы 60-тың айналасындағылар болатын. Бүгіндері әлемде инсульт сырқатына  шалдыққандар саны 33 млн. адамды құраса, солардың 60%-і 25-44 жас аралығындағылар екен. Ал біздің елімізде, ресми статистикаға сүйенсек, инсульт алғандардың 37% – 41-60 жас аралығында, 31 % – 61-70 жас шамасында, 28 % – 71 жастан асқан, 4 пайызы – 16-40 жаста.

Инсульт мәселелері жөніндегі республикалық үйлестіру орталығының ресми мәліметі бойынша, елімізде жыл сайын 40 мыңнан астам адам инсульттен зардап шегеді. Өткен жылы ми қан айналымының бұзылуы сырқатымен 41293 қазақстандық емделіпті. Олардың 53 пайызы ерлер болса, 47 пайызы әйелдер қауымы.

Жылына 38 мың адам инсультке шалдықса,  200 мыңдай адам осы сырқаттың салдарынан мүгедек атанып,  әлеуметтік қолдауға мұқтаж. Көпшілігі еңбекке жарамсыз, біреудің көмегінсіз жүріп-тұра алмайтынын, бұл сырқаттың да әлеуметтік қолдауды қажет ететін сырқаттар тобына жататынын,  инсульттің соңғы кезде көбеюімен қатар, жасарып бара жатқанын ескерсек, бұл дерттің алдын алу  өте маңызды.

Инсульттің негізгі қауіпті факторлары: артериялық гипертензия, яғни жоғары қан қысымы; шылым шегу; жүрек-қан тамыры аурулары; қант диабеті; май алмасуының бұзылысы, алкогольді ішімдіктер ішу.

"Әлеуметтік медициналалық сақтандыру қоры" КЕАҚ Астана қаласы бойынша филиалының хабарлауынша, Астана емханаларында аурудың алдын алудың жаңа тәсілдері енгізілуде, бағдарлама бірінші кезекте инфекциялық емес созылмалы аурулардың алдын алу және оларға қарсы күрес шараларын күшейтуге бағытталған. «Бұл жерде учаскелік дәрігер мен медицина қызметкері жауап беретін әр пациенттің ортақ жауапкершілігіне және серіктесе жұмыс істеуіне  ерекше басымдық беріледі.  Мәселен, әрбір елордалық емханада инфекциялық емес созылмалы аурулармен ауыратын науқастар үшін денсаулық мектептері жұмыс істейді, оның ішінде «Артериялық гипертензия және жүректің ишемиялық аурулары мектебі» де бар», - дейді филиал ди⁠ректоры Нұрлыбек Қабдықапаров.

«Жалпы, денсаулықтың 53%-дайы өмір сүру салтына байланысты, 18%-дайы сыртқы ортаның әсерлеріне байланысты, тағы 18-20%-дайы әр адамның өзінің генетикасына, яки тұғым қуалаушылығына байланысты. Сонда қалған 5-10%-дайы ғана медицина мамандарына байланысты. Сондықтан адам өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауы керек, өзін-өзі күте білуі керек, өзін-өзі жақсы көруі керек. Денсаулық, салауаттылық санадан бастау алады», - дейді медицина ғылымдарының докторы, профессор Ерболат Дәленов.

Инсульттің алдын алуда, оны емдеуде уақытты ұтымды пайдалану өте маңызды. Салауатты өмір салтын ұстанып, белсенді қозғалыс пен дұрыс тамақтану арқылы инсультке қарсы бірге күресейік!