06 қыр, 2019 сағат 15:31

260 келі бекіре балығын аулаған браконьерлер ұсталды

Атырау облысында бекіре тұқымдас балықты заңсыз аулаған браконьерлер ұсталды. Бұл жайында ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахмет Facebook-тегі парақшасында жазды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Оның атап өтуінше, 2019 жылғы 5 қыркүйек күні Атырау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының қызметкерлері Каспий теңізінің Солтүстік бөлігіне шолғындау шарасын жүргізген. Шамамен сағат 12-30-да инспекция қызметкерлері 200 аттың күші бар аспалы «Ямаха», моторлы «Байда» қайығын мінген Атырау қаласының 2 тұрғынын қолға түсірген.

«Жүзу құралын тексеру барысында жалпы салмағы 264 келі болатын бекіре тұқымдас 92 балық, жалпы салмағы 34 келі болатын 39 дана бекіре тұқымдас балықтың басы, салмағы 22 келі тартатын 2 сазан, сонымен қатар ұзындығы шамамен 300 метр болатын ау мен «Гармин» спутниктік навигациясы құралы табылып, тәркіленді. Тәркіленген балық Жайық-Атырау бекіре балығы шаруашылығы зауытына тапсырылып, ал «Байда» қайығы Атырау қалалық полиция басқармасын уақытша сақтауға жеткізілді. Аталған факті бойынша оқиға орнынан Атырау қалалық ПБ жедел тергеу тобы шақырылды. Жиналған материал ҚР ҚК  335 бабы бойынша қылмыстық іс қозғау үшін полиция қызметкерлеріне тапсырылды», - деді С.Ділдахмет.