31 там, 2016 сағат 18:55

24KZ телеарнасының атауы өзгерді

2016 жылдың 1 қыркүйегінен бастап «24KZ» арнасы «Хабар 24» деген жаңа атаумен шығады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" арнаның ресми сайтына сілтеме жасап.

Құрылғанынан бастап «Хабар» Агенттігінің құрамындағы «24KZ» арнасының атын ауыстыру – «Хабар» Агенттігі» АҚ қайта жаңару аясындағы шараларының бірі. Арна эфирінде сапалы сараптамалық бағдарламалардың қатары ұлғайып, репортаж жанрындағы бағдарламалардың үлесі артады, сондай-ақ аймақтардың тыныс-тіршілігі туралы жобалар көбейеді.

Сондай-ақ экономика, спорт, халықаралық және баспасөзге шолу, арнайы авторлық репортаждар және көптеген басқа да салалар толығырақ қамтылады. Сонымен қатар эфирдің көрінісі және ресми сайттың интерфейсі де өзгереді деп күтілуде. Жаңарған сайт қолдануға қолайлы және жаңалықтарды іздеу барысында жеңіл болады.

«Жаңа атау арнаның «Хабар» агенттігінің құрамында екендігін көрсетеді. Атын ауыстыру телеарнаның жаңаруына және ересек аудиторияны тартуға мүмкіндік береді. Бізді айтарлықтай оң өзгерістер күтіп тұр, бірақ бұл толықтай басқа жаққа өзгеріп кетеміз деген сөз емес. Біздің бұрыннан келе жатқан басты ұстанымымыз - жаңалықтарды беру барысындағы жылдамдық пен шынайылық. Осы ұстанымда берік болып қаламыз», -дейді «Хабар 24» арнасының директоры Арман Сеитмамыт.

Арналарды бір атаумен атау әлемдік медиахолдингтер арасында кеңінен таралған. Бұл бір телеотбасыға кіретіндіктерін білдіру үшін жасалады. Мысалы, ВВС корпорациясы, оның құрамына BBC One, BBC Two, BBC World News және басқалары бар, мұндай тәжірибе көрші Ресейде де қолданыста, мәселен ВГТРК-ның құрамындағы Россия 24, Россия 1, Россия К-ны атауға болады.

Айта кетсек, «24KZ» арнасы 2012 жылдың 1 қыркүйегінен бастап эфирге шықты. Арна Қазақстандағы ақпараттық арналардың ішінде аймақтық және халықаралық тілшілер қосынының көптігімен ерекшеленеді. Сонымен қатар бағдарламалары 100% отандық өндіріушілердің жобасы болып табылады. Олардың арасында ақпараттық-танымдық және сараптамалықтары бар. Телеарна аудиториясын 25 жастан асқан көрермендер құрайды. «Хабар» агенттігі «Хабар 24» арнасымен бірге Euronews Network-тің серіктесі болып табылады. Бұл жаңалықтар контентімен алмасуға және еуропалық әріптестермен шеберлік сыныбын өтуге мүмкіндік береді.