09 қыр, 2019 сағат 13:41

2025 жылға дейін жыл сайын 150 жаңа вагон сатып алынады

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Көлік комитеті төрағасының орынбасары Жәнібек Тайжанов билет тапшылығын жою шаралары туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның айтуынша, билет тапшылығын қолдан жасау мен алыпсатарлық негізгі мәселелердің бірі болып отыр.

«Бүгінде билет тапшылығын қолдауға қарсы жұмыстар жалғасуда. Заңсыз алыпсатарлықты тоқтату үшін темір жол тасымалындағы тұрмыстық жемқорлықты жою жөнінде жол картасы қабылданған. Жолаушылар тасымалы жүйесін жақсарту жоспары құрылып, билет тапшылығын жою бойынша жұмыс топтары құрылды. «ҚТЖ» ҰК АҚ ревизорлық қызметі көпфункциялы орталықтар болып қайта құрылды», - деді Ж. Тайжанов министрлікте өткен брифингте.

Сонымен бірге, ҚР Әкімшілік құбық бұзушылықтар кодексіне өзгерістер енгізіп, алыпсатарларға қатысты қатаң шаралар қолдану қарастырылған.

«Әзірге вагон тапшылығын төмендету үшін биыл 63 вагон алынды, оның 40 данасы қолдануға берілді. Қыркүйектің соңына дейін 23 вагон жеткізіледі. «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, 2025 жылға дейін жылына 150 вагон сатып алуды көздеп отырмыз», - деді спикер.