29 қар, 2019 сағат 11:30

2020 жылға арналған Жол картасына қол қойылды

ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин мен «Атамекен» ҰКП Төралқасының төрағасы Тимур Құлыбаев 2020 жылға арналған ҚР Парламентінің Мәжілісіндегі «Nur Otan» партиясының фракциясы мен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ынтымақтастығының Жол картасы меморандумына қол қойды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Елімізде кәсіпкерлікті дамытудың маңыздылығына тоқталған Палата спикері Нұрлан Нығматулин Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың айрықша қолдауымен елімізде бизнес саласының қарқынды дамып келе жақанын атап өтті.

Мәжіліс төрағасы 2017 жылы «Нұр Отан» партиясы мен «Атамекен» ҰКП арасындағы 2017-2018 жылдарға арналған Қазақстан Үкіметінің заң жобалау жұмыс жоспарлары аясында ынтымақтастық туралы Меморандум жөнінде Жол картасына қол қойылғанын, ондағы қойылған мақсаттардың орындалғанын жеткізді.

«Енді жаңа құжатқа сәйкес, Мәжіліс депутаттары мен кәсіпкерлер қауымдастығы алдағы жылы 9 маңызды бағыт бойынша жұмысты жалғастырады. Атап айтқанда, бизнесті қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, салық және бюджет заңнамасын жетілдіру, мемлекеттік сатып алулар, отандық тауар өндірушілерді қолдау, сәулет, қала құрлысы және құрылыс қызметі мен жер қатынастары саласындағы мәселелерді шешу, өңірлік даму – ауылда бизнесті дамыту, бизнестің тұтынушылар алдындағы жауапкершілігін күшейту және мемлекеттік-жекеменшік әріптестік, адам капиталын дамыту. Біздің алдымызда елдегі бизнес ахуалды дамыту бойынша өте маңызды міндеттер тұр, оларды межелі уақытта жүзеге асыруымыз керек» деді Н. Нығматулин.