13 қаң, 2020 сағат 10:51

2019 жылы мұнай, табиғи газ және металл кендерінің өндірісі ұлғайды

2019 жылы өнеркәсіптік өндірістің индексі 103,8 пайызды құрады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

ҚР ҰЭМ Статистика комитетінің дерегінше, 2019 жылғы қаңтар-желтоқсанда 2018 жылмен салыстырғанда шикі мұнай, табиғи газ және металл кендерінің өндірісі ұлғайды. Сусын өнімдері, мұнай өңдеу өнімдері, фармацевтикалық өнімдерінің өндірісі және машина жасау өнімдері өндірісінің көлемі өсті. Сонымен бірге тамақ өнімі мен темекі бұйымдарының өндірісі төмендеді.

«Өнеркәсіптік өнімдердің өндіріс көлемінің өсуі республиканың 15 өңірінде байқалды», - деп атап өтеді ведомстводан.

Статистика деректеріне сәйкес, өткен жылы газ конденсатын қоса алғанда 90,5 млн тонна мұнай, 119,8 млн тонна мыс кені, 3,3 млн тонна ұн, 4,5 млн тонна бензин, 5 млн тонна газойльдер (дизель отын), 9,9 млн тонна портландцемент, 2 млн тонна жазық илек, 500 мың тонна тазартылған мыс және 107,5 млрд кВт/сағат электр энергиясы өндірілген.