19 қаз, 2018 сағат 14:13

2019 жылы Қызылордада сәлемдемені дрондар жеткізетін болады

Енді қызылордалық Қазпошта қызметкерлерінің қызметі дрон арқылы іске асатын болады. Бұл жөнінде өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында «Қазпошта» АҚ Қызылорда филиалының директоры Аида Әбибуллаева мәлімдеді.

Жиын аудандық, қалалық пошта торабы басшылары және Жаңақорған, Шиелі ауылдық пошта бөлімшелері қызметкерлерінің қатысуымен өткізілді. Жиын барысында сала бойынша көптеген мәселелер талқыланды. Негізгі сұрақ – сапа жайында болды. Одан кейін жоспардың орындалуы, электрондық коммерция, франчайзинг, тәртіп, біліктілік, шаруашылық мәселелері жайында сөз қозғалып, бірқатар мәселелер қарастырылды. 

Былтырғы жылмен салыстырғанда Қызылорда облыстық филиалы өзге облыстық филиалдарға қарағанда ең үлкен өсімге, яғни 12 %-ға қол жеткізіп отыр.

Аталған өңірде «Қазпошта» АҚ тез арада жетуі тиіс қажетті заттарды алыс-шалғай жерлерге дрондар арқылы жеткізуді жоспарға қосып, оны орындау үшін жұмыстар жүргізуде.

Бүгінде еліміздің бірқатар облыстары дрондарды қолданудан көп артықшылықтарға ие болып отыр. Мәселен газет-журналдарды жеткізуге көп шығындалмайды.

«Қазіргі таңда Қарағанды, Астана, Алматы облыстары бұл дрондар арқылы пошта сәлемдемелерін жеткізуде. Дрон 500 шақырымға дейін ұшады. Ол тек газет-журналдар ғана емес сондай-ақ, салмағы 5 килограммға дейінгі шағын сәлемдемелерді де жеткізуге қабілетті. Хат-хабарды автокөлікпен тасымалдауға шамамен 4 сағат уақыт жұмсалса, бұл аралықты дрон бар-жоғы 40 минутта еркін еңсереді. Ең бастысы – үнемді әрі қолайлы. Мұндай дрондарға ұсыныс берілді, 2019 жылға іске қосу жоспарланып отыр», – деді «Қазпошта» АҚ Қызылорда филиалының директоры Аида Әбибуллаева.

Айта кетелік, бүгінгі таңда «Қазпошта» АҚ Қызылорда облыстық филиалының 238 000-нан астам тұтынушысы барлық дерлік қызметтерді пайдалануға мүмкіндік алып отыр.