18 ақп, 2020 сағат 12:29

2019 жылы қазақстандық интернет-дүкендерде сатып алу көлемі 422 млрд теңгені құрады - министрлік

Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында электрондық сауданы дамыту мәселелері туралы сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов, «Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Сәкен Сәрсенов, цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев баяндады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.

ҚР сауда және интеграция министрі Б. Сұлтанов бүгінгі таңда бүкіл әлемде бөлшек саудадағы электрондық коммерция нарығы дәстүрлі сауданы ығыстыра отырып, озық қарқынмен өсіп келетінін атап өтті.

«2019 жылдың қорытындысы бойынша бөлшек электрондық сауданың әлемдік көлемі авиатасымалға билеттер мен іс-шараларға билеттер сатуды есепке алмағанда, $3,5 трлн-нан асты. Соңғы бірнеше жылда бұл көрсеткіштің жылдық өсу қарқыны 20%-дан асады. Бұл нарықта жалпы үлесі әлемдік нарықтың 71,3% құрайтын Қытай және Америка Құрама Штаттары көшбасшылар болып табылады.

Біз ірі сауда орталықтары сауданың электрондық форматын белсенді түрде дамытып отырғанын көріп отырмыз. Соңғы 2 жыл ішінде АҚШ-та 10 мыңнан астам оффлайн дүкендер жабылды», — деді Б. Сұлтанов.

Оның айтуынша, электрондық коммерцияда маркетплейс деген құралдарға сұраныс артып келеді. Бұған мысал Аlibaba және Amazon электронды платформалары, олар Қытай мен АҚШ онлайн нарықтарының жартысына ие.

Электрондық сауданың тағы да бір тренді – бұл көбінесе смартфондар арқылы сатып алу. Смартфондардың көмегімен тапсырыстарды рәсімдеуші сатып алушылардың үлесі бүкіл әлемде 54%-ды құрайды. Қазақстанда бұл көрсеткіш 65%-ға жақындады.

Қазақстанда электрондық сауда нарығының көлемі 2019 жылы 1,8 есеге өсіп, 700 млрд теңгеден асты. Электрондық сауданың бөлшек саудадағы үлесі 1%-дық тармақ қосып, 3,7%-ды құрады. Бұл айтарлықтай өсу әлеуетін көрсетеді.

Бұл ретте, ішкі нарық қарқынды дамуда. Қазақстандық интернет-дүкендерден сатып алу көлемі 422 млрд теңгені құрады, халықаралық интернет-алаңдары бойынша — 280 млрд теңге.

Сатып алулар саны 40,5 млн-ға дейін өсті. Ішкі нарықтың негізгі өсімі 2,5 есеге асып, 22 млн дананы құрады.

2019 жылы белсенді сатып алушылардың саны 72%-ға артып, 3,2 млн адамды құрады.

Қазақстанда 2 мыңнан астам интернет-дүкен бар. Алайда, табыс салығын төлеуден босату түрінде салық жеңілдіктерін алу үшін 579 интернет-дүкен тіркелген.

Сондықтан, Б. Сұлтановтың айтуынша, нарықтың реттеу рәсімдерін қатаңдатпай, осы саланың заңды қызметін ынталандыру бойынша шаралар қабылдау маңызды.

Тауарлар мен қызметтердің айналымының «ағаруын» дәлелдеу мысалы ретінде айтатын жайт, 2019 жылғы қолма-қол ақшасыз төлемдер көлемі 2,3 есеге артып, шамамен 14,4 трлн теңгені құрады. Бұл өсім POS-терминалдардың инфрақұрылымының дамуына, Қазақстан нарығына Apple Pay және Samsung Pay енуіне, банктердің клиенттерді бонустар мен кэшбектер арқылы ынталандыруына, сондай-ақ қоғамдық көліктің барлық түрлерінде қолма-қол ақшасыз төлемдерді белсенді қолдануға байланысты.

2019 жылы электрондық саудада 36,8 мың жаңа жұмыс орны ашылды.

2019 жылы Электрондық коммерцияны дамытудың 2019-2025 жылдарға арналған Жол картасы әзірленіп, қабылданды. Бұл құжаттағы шаралар 3 бағыт бойынша құрылымдалған, атап айтсақ: электрондық саудада экспортты арттыру, отандық кәсіпкерлерді электрондық саудаға тарту және инфрақұрылымды дамыту, тұтынушылардың құқықтарын қорғау және электрондық сауданы ілгерілету.

«Өткен жылғы жазда қойылған міндет электрондық сауда үлесін 5%-ға дейін жеткізу болды. Алайда Сауда және интеграция министрлігі құрылғалы біз талдау жүргіздік. Соның нәтижесінде электрондық коммерция үлесін 10%-ға дейін арттыру деген амбициялық мақсат қойылды. Осыған байланысты қосымша шаралар қабылдадық.

Біріншіден, қазақстандық компанияларды халықаралық электрондық платформаларда ілгерілету жөніндегі шаралар.

«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп «Интернет-экспорттаушы мектебі» бағдарламасы іске қосылды. Электрондық сауда алаңдарында бизнесті жүргізудің практикалық әдісіне 200 қатысушы оқытылды.

Бастаушы және тәжірибелі кәсіпкерлерге интернет-платформаларда ілгерілету бойынша тікелей қолдау көрсетілді. Мәселен, Alibaba халықаралық платформасына «Алтын жеткізуші» ретінде тіркеу үшін 50 компания іріктелді. Бұл премиалды мәртебе жаһандық аудиторияға қолжетімділікті, маркетплейс ішінде кешенді ілгерілету мүмкіндігін қамтамасыз етеді. Жылдың аяғына дейін біз тағы 50 компанияға осындай жәрдем көрсетуді жоспарлап отырмыз.

Екіншіден, Қазақстанға халықаралық платформалар тарту жөнінде шаралар қабылданды.

Өткен жылы Министрлік «Wildberries» халықаралық компаниясымен инвестициялық жобаны жүзеге асыру туралы Меморандумға қол қойды. Оның негізгі мақсаты – аталған платформа арқылы қазақстандық тауарлардың экспортын арттыруға мүмкіндік беретін инфрақұрылымды құру және дамыту. Wildberries компаниясы Астана халықаралық қаржы орталығының қатысушысы болып тіркелді. Бүгінгі таңда 21 қазақстандық компания Ресей, Беларусь, Қырғызстан және Армения сияқты бағыттар бойынша осы платформадағы тауардың 594 түрін сатады.

Үшіншіден, электрондық сауда нарығы экожүйесінің инфрақұрылымын дамыту жөніндегі шаралар.

Бүгінгі таңда Нұр-Сұлтан, Алматы және Ақтөбе қалаларында күн сайын 350 мыңнан астам пошта жөнелтімдерін өңдейтін 3 фулфилмент-орталық жұмыс жасауда. 2025 жылға қарай олардың саны 19-ға дейін өседі. Бұл пошта жөнелтімдері көлемін 82,8 млн данаға дейін ұлғайтуға және мыңнан астам интернет-дүкендердің қызметтерімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар тауар өткізу инфрақұрылымды құру шеңберінде агро-логистикалық және көтерме-тарату орталықтары желісін цифрландыру жоспарланып отыр. Мәселен, олардың негізінде фермерлер мен көтерме сатып алушылар үшін электрондық сауда алаңдары құрылады. Ақпараттық жүйе бізге тауар ағындарын қадағалауға мүмкіндік береді және теңдестірілген өңіраралық ағындарды қамтамасыз етеді.

Төртіншіден, қазақстандық цифрлық сауда алаңдарын құруды қолдауға бағытталған шаралар.

Бүгінде нарықта шамамен 13 дамушы қазақстандық сауда алаңы жұмыс істейді. Kaspi.kz, flip.kz, chocofamily, mechta.kz басқа да маркетплейстер тауарлар мен қызметтердің шамамен 20 санаты бар.

Азық-түлік саудасын дамыту мақсатында «Onay Bazar» және «HappyFood.kz» электрондық платформаларын дамытуға қолдау көрсетілді. Олар тұтынушыға үйден шықпай-ақ тауар сатып алуға мүмкіндік береді. Мәселен, базардағы сәбіз 100 теңгеден сатылса, Onay Bazarда 85 теңге ғана тұрады.

Фермерлердің отандық өнімді бәсекеге қабілетті бағамен сатуы үшін «Agro Labs» платформасы әзірленіп жатыр.

Жалпы, сауданы цифрландыру азық-түлік бағасын төмендетуге, сондай-ақ баға белгілеуді ашық етуге мүмкіндік береді деп ойлаймыз.

Бесіншіден, қоғамды электрондық саудаға белсенді қатысуға тарту.

Қоғамдық сауданы электрондық форматқа ауыстыру, азық-түлік тауарларының бағасын бақылау мақсатында Министрліктің қолдауымен «BTS Digital» компаниясы «PRICE SCANNER» қосымшасын әзірлеуде. Бұл әлеуметтік маңызды әрі азық-түлік тауарларына бағаны мониторингтеуге мүмкіндік береді. », — деді Б. Сұлтанов. 

Бұдан басқа, министрлік тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы жаңа Заң жобасы шеңберінде «бір терезе» қағидаты бойынша шағымдарды қабылдаудың Бірыңғай ақпараттық жүйесін құру көздеп отыр. Бұл жүйе тұтынушыға интернет арқылы шағым беруге және өзінің бұзылған құқықтарын қалпына келтіруге мүмкіндік береді.

Сауданы дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы тұжырымдамасының жобасы әзірленді, ол жол картасының шараларын және сауда және интеграция министрлігі ұсынған шараларды көздейді.

Бұл Қазақстанға экономикалық өсудің жоғары әлеуетін ұсына отырып және қазақстандық тауарларды өткізу географиясын кеңейте отырып, елдегі электрондық коммерцияны дамытуға қосымша серпін береді.

«Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Сәкен Сәрсенов өз баяндамасында Қазақстан Республикасында электрондық сауданы дамытудың 2019-2025 жылдарға арналған Жол картасы шеңберінде Қоғам екі тармақ бойынша, яғни: 11-тармақ «Экспорт мектебі» базасында «Кәсіпкерлік субъектілеріне шетел интернет-алаңдарында қазақстандық тауарларды экспорттаудың негізгі дағдыларын оқыту» және 24-тармағы бойынша «Қажеттіліктерді ескере отырып, қосымша E-commerce орталықтарын ашу» негізгі орындаушы, сондай-ақ 9-тармақты бірлесіп орындаушы екенін жеткізді. 

Жол картасының барлық іс-шаралары белгіленген мерзімдерде орындалуда.

Электрондық сауданы дамыту және Жол картасын іске асыру бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы баяндаған С. Сәрсенов қазіргі таңда Қазпошта 3 857 бөлімшеден тұратынын, соның ішінде 520-сы франчайзинг моделі шеңберінде екенін айтты. Желі тұрғындардың 100%-ын қамтиды.

Қоғам пошта инфрақұрылымын белсенді дамытуда.

Өткен жылы автоматтандырылған іріктеу желісі 18 миллионнан астам пошта жөнелтімін өңдеді. Алыс елді мекендерге газеттер мен журналдарды дрондармен жеткізу жалғасуда.

Қолжетімділікті дамыту мақсатында компания сәлемдемелер супермаркеті желісін дамытуда. Қазпоштаның қазір еліміз бойынша 248 сәлемдемелер супермаркеті мен 351 поштаматы жұмыс істейді.

Биыл еліміз бойынша 2 күн ішінде 85% пошта жөнелтімін жеткізу мүмкін болды. Бұл пошта инфрақұрылымын дамыту бойынша қабылданып жатқан шаралардың нәтижесі. 

Электрондық коммерция орталықтары жұмыстарын жалғастыруда. Осы орталықтарда Шағын және орта бизнес өкілдерін интернет-дүкендерді жасауға, тауарларды сатуға үйретеді. Бүгінгі таңда Е-ком орталықтары Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды және Шымкент қалаларында ашылған. 2019 жылы осы орталықтарда 2 400-ден астам бизнес өкілдері оқудан өтті. Экспорт мектебі шеңберінде 2 мыңнан астам шағын және орта бизнес өкілдері оқыттылды.

2019 жылы Нұр-Сұлтан, Алматы және Ақтөбе қалаларында фулфилмент орталықтары ашылды. Мұнда интернет-дүкендердің иелеріне тауарларды қабылдау, өңдеу, сақтау, қадағалау және түпкі тұтынушыға дейін жеткізу сияқты қызметтер көрсетіледі. Сонымен бірге, интернет-дүкендер логистика, қойманы жалға алу, персоналға жұмсалатын шығындар және басқа да шығындарын үнемдейді. Сондай-ақ сәлемдемелерді жеткізу мерзімі айтарлықтай қысқарады. 2019 жылдың қорытындысы бойынша айналымдағы тауарлар көлемі 8 милионнан асты, салыстырмалы түрде 2018 жылы 1,2 млн болды. 

«Жалпы, біз 2025 жылға қарай Қазақстанның барлық облыс орталықтарын фулфилментпен қамтамасыз етуді жоспарлаймыз. Осылайша, 2020 жылы Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Сарыағаш қалаларында 4 орталық ашу көзделуде», — деді С. Сәрсенов.

2025 жылға қарай пошталық сәлемдемелер көлемін 10 есеге арттыру көзделуде.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев сонымен қатар бүгінгі күні электронды сауда қарқынды дамып жатқанын атап өтті. Ол үшін келесі жұмыстар жасалуда: сапалы Интернетпен қамту, цифрлық сауаттылықты көтеру, қолма-қолсыз ақша төлемдерді арттыру.

Қазіргі уақытта 117 қала және 250 адамнан астам тұрғыны бар 3100-ден астам ауыл кең жолақты мобильді Интернетке қосылған. Жыл соңына дейін тұрғындар саны 250-ден асатын 1000-нан астам ауылды жылдамдығы жоғары мобильді Интернетпен қамту жоспарланған. Осы орайда, ауылдарға жоғары жылдамдықты мобильді Интернетті жүргізудің жоспар-кестесі құрылып, барлық әкімдіктермен келісілді. 

А. Жұмағалиев өткен аптада байланыс операторлары мобильді байланыс желісін бірлесіп құру туралы меморандумға қол қойғанын хабарлады. Еліміз үшін маңызы зор жобаны операторлар өз қаражаты есебінен іске асырады.

2021-22 жылдары 250 адамнан аз тұрғыны бар 877 ауылды кең жолақты Интернетке 3G/4G теxнологиясымен және қалған 930 ауылды спутниктік Интернетке қосу жоспарда бар.

«Бұл жұмыс xалықтың цифрлық сауаттылығын арттыруға көмектеседі. Бұл бағытта халықты оқыту бағдарламалары қайта қаралды және бекітілді. Сонымен қатар, базалық цифрлық дағдылар, EGOV, OPENGOV, E-COMMERCE, және ақпараттық қауіпсіздік дағдылары курстары өткізілуде», — деді А. Жұмағалиев.

2019 жылы әкімдіктер цифрлық құзыреттіліктерге 532 мың адамды оқытты. Бұл бизнесті дамытуға және тұрғындардың өмір сүруінің жалпы деңгейін көтеруге мүмкіндік жасады. 

Интернет желісінің ұлғаюы және цифрлық сауаттылықтың артуы қолма-қолсыз ақша төлемдерінің дамуына жол ашты.

Нәтижесінде, қолма-қол ақшасыз операциялар көлемі 2,3 есе өсіп, 14,5 трлн теңгені құрады.

Сонымен қатар А. Жұмағалиев цифрлық технологияларды реттеу жөніндегі заң жобасында жедел төлемдер жүйесін енгізу көзделгенін айтты. Оның айтуынша, соның арқасында қолма-қол ақшасыз төлемдер деңгейі одан әрі жоғары қарқынмен артады. Көлеңкелі экономика деңгейі төмендейді. Бұл отандық өндірісті дамытуға, «қарапайым заттар экономикасын» құруға оң әсерін тигізеді. Аталған жұмыс отандық тауар өндірушілерге халықаралық сауда алаңдарына шығуға мүмкіндік береді. Әрине, бұл еліміздің экономикалық өсіміне жаңа серпін береді.