20 жел, 2018 сағат 13:09

2019 жылы Денис Тен атындағы мәнерлеп сырғанау академиясы ашылады

Денис Тен атындағы мәнерлеп сырғанау академиясын 2019 жылы ашу жоспарланып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ең алдымен, осы залда отырған адамдардың бәріне де алғыс айтқым келеді. Біздің президиумде кездейсоқ адам жоқ. Бәрі де Дениске көмектесіп, қиын кезеңдерде қолдау білдіріп, бірлесе еңбек еткен адамдар. Дәл осы адамдар біздің қорымыздың ашылуына мұрындық болып отыр. Тамызда ашылған қор Денистің жоспарлары мен жобаларын жүзеге асыру үшін құрылған. Денис бірнеше сала бойынша еңбек етіп, шығармашылықтың сан түрінде өзін байқатқан еді. Міне, сондықтан, қордың жұмысында бірнеше бағытты ерекшелеп алдық», - деді Оксана Тен Астанада өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, жобалар шеңберінде музыкалық дискілер шығару, Денистің ертегілері мен өлеңдерінің жинағын басып шығару көзделіп отыр.


«Әлбетте, жобалардың қатарында көркем фильм шығару да жоспарланып отыр. Көптеген адамдар осы шаруаға ерекше назар аударды. «Соқыр махаббат» фильмінің сценарийі бар. Оның спорттық мансабының басым бағыттарының бірі - мәнерлеп сырғанау академиясын құру болатын. Біз бұл бағытта жұмыс жүргізіп жатырмыз. Оның ашылуы 2019 жылға жоспарланып отыр», - деді Оксана Тен.

Мәнерлеп сырғанаушының анасы атап өткендей, қор жұмысы бойынша алғашқы қадамдар жасалып қойған.

«Біз Алматы мен Астана қалаларында бірнеше фотокөрме ұйымдастырдық. Ол шаралардың бәріне де халықтың ықыласы ерекше болды. Мемориалдық тақта Алматыда ашылды. Оның ашылуына аты аңызға айналған Татьяна Тарасова қатысты. Алексей Ягудин мен Елена Радионованың қатысуымен бірнеше шеберлік сағаты өткізілді», - деді Оксана Тен.