29 қар, 2018 сағат 16:18

2019 жылы «Болашақ» бағдарламасы бойынша қанша стипендия беріледі?

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның отырысы өтті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Жиынды ашқан Г.Әбдіқалықова Нұрсұлтан Назарбаевтың «Мемлекеттің барлық бастамалары халқымыздың тұрмыс деңгейін жақсартуға бағытталған. Жұрттың сапалы білім алып, сұранысқа ие мамандығы мен лайықты жұмысы болғанда ғана әл-ауқатымыз артады» деген сөзіне тоқталды.

– «Болашақ» стипендиясы – Мемлекет басшысы ауқымды жаңа жобаларды іске асырудың бірегей тетігі ретінде айқындап берген басым бағыттардың бірі, – деді Мемлекеттік хатшы.

Комиссия отырысында Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның хаттамалық тапсырмаларының орындалуы туралы Білім және ғылым министрлігінің есебі тыңдалды, сондай-ақ «Болашақ» стипендиясының жүзеге асырылуына қатысты бірқатар мәселелер қарастырылды.

Комиссияның шешімімен 2019 жылға арналған басым мамандықтардың тізбесі бекітілді. Құжатта 155 мамандық қамтылған. «Болашақ» халықаралық стипендиясы бойынша тағылымдамадан өтетіндердің санаты анықталды. 2019 жылға 555 стипендия бекітілді.

Стипендия магистратура мен докторантурада оқуға, сондай-ақ әлемнің жетекші ғылыми және өндірістік орталықтарында тағылымдамадан өтуге жолданатын 71 үміткерге тағайындалды.

Жиын қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова «Болашақ» халықаралық стипендиясын жүзеге асыруды одан әрі жалғастыру жөнінде бірқатар тапсырма берді.