23 қаз, 2017 сағат 09:39

2017 жылы «Нұрлы жол» бағдарламасын іске асыруға 484,2 млрд теңге бөлінген

Бүгін ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамытудың 2015–2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру барысы туралы ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов баяндады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Үкімет басшысының сайтына сілтеме жасап.

Тимур Сүлейменовтың айтуынша, 2017 жылы «Нұрлы жол» бағдарламасын іске асыруға 484,2 млрд теңге бөлінген, 2017 жылдың 1 қазанындағы жағдай бойынша оның 313,7 млрд теңгесі немесе қаржыландырудың жылдық жоспарының 65% игерілген. 

Республикалық маңыздағы 22 негізгі автожол жобасын іске асыруға биыл 259,8 млрд теңге қарастырылған, оның ішінде 1 қазандағы жағдай бойынша 150,4 млрд теңгесі бөлінген, бүгінде бұл толық көлемде игерілген. Бұдан өзге, 96,4 млрд теңге сомасындағы ХҚҰ займдары қосымша тартылған, бүгінде оның 27 млрд теңгесі игерілген.

Министр көлемді жобаларға да тоқталып өтті. 2017 жылы «Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі» АЭА инфрақұрылымының құрылысына 7,7 млрд теңге көлемінде қаржы қарастырылған. Бүгінде газ-турбиналы электр станциясы жобасы бойынша негізгі технологиялық жабдықпен қамтамасыз ету жұмыстары аяқталған, құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жобаны іске асыру кестеге сәйкес жүргізілуде. 

2017 жылы жылумен, сумен жабдықтау және су тарту желілерінің жүйесін жаңғыртуға Ұлттық қор қаражаттарынан 53 млрд теңге қарастырылған, бұл 700 шақырымға жуық желіні салып, реконструкциялауға мүмкіндік береді.

Бұдан өзге, 2017 жылы білім беру саласының инфрақұрылымын дамытуға Ұлттық қор қаражатынан 109 білім беру нысанының құрылысына 71,7 млрд теңге қарастырылған, биыл оның 76 нысанын пайдалануға беру көзделіп отыр. 

«Кәсіпкерлік нысандарына жетіспейтін инфрақұрылымды жүргізуге Ұлттық қор қаражатынан 10 млрд теңге бөлінген. Аталған бағыт аясында министрлік өңірлермен бірлесіп, Қаржыландыру жоспарын қайта қарау жұмыстарын жүргізді, нәтижесінде осы жылдың желтоқсан айына жоспарланған барлық қаражат қараша айына ауыстырылды. Бұл қаражаттардың игерілмей қалу қаупін төмендетуге мүмкіндік береді», — деді Т. Сүлейменов. 

Талқылау барысында қаржы министрі Бақыт Сұлтанов 2017 жылы «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамыту мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шығындарын қаржыландыру туралы баяндады.