05 мам, 2017 сағат 17:01

2017 жылдың бірінші тоқсанында тұрғын үй құрылысына шамамен 174 млрд теңге бөлінді

Биылғы жылдың І тоқсанында құрылыс жұмыстарының көлемі 7,1%-ға артты. Жалпы тұрғын үй құрылысына 173,4 млрд теңге бөлінген, бұл өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда шамамен 14%-ға жоғары. Бұл туралы Үкімет үйінде Мемлекет басшысының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауын іске асыру жұмыстарының қорытындысы бойынша өткен баспасөз конференциясында ҚР инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек хабарлады.

«Биылдан бастап жүзеге асырылып жатқан «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 3,1 млн шаршы м тұрғын үй пайдалануға берілген, бұл 2016 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 125,3%-ды құрайды. Бір жылға жоспарланған көлем – 10,2 млн шаршы м-дің 30% тұрғын үйі пайдалануға берілген», - деп Мемлекет басшысының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауының 2017 жылдың І тоқсанында іске асырылу қорытындысын шығара отырып, хабарлады министр.

Сонымен қатар, тұрғын үйдің жалпы ауданының 93,2%-ын жеке құрылыс салушылар мен халық тұрғызған. Мемлекеттік сектор республикадағы тұрғын үйді пайдалануға берудің жалпы көлемінің бар болғаны 5%-ын қамтиды. Барлығы республика бойынша 25 230 тұрғын үй пайдалануға берілген, оның 7 701-і - жеке үйлер.

Ж. Қасымбек Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында Үкіметке «Нұрлы жер» тұрғын үй бағдарламасын іске асыру аясында 15 жыл ішінде 1,5 миллион отбасыны тұрғын үймен қамтамасыз ету туралы тапсырма бергенін еске салып өтті. 

Ұлт порталы