28 жел, 2016 сағат 10:58

2017 жылдың басында Парламент депутаттары Астанадан кетеді

- ҚР Парламенті Мәжілісінің бүгін өткен жалпы отырысында палата төрағасы Нұрлан Нығматулин VI сайланым депутаттарының жұмысына баға берді, деп хабарлайды Ұлт.кз тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Оның сөзіне қарағанда, келе жатқан жаңа жыл депутаттар үшін сайлаушылармен кездесуден басталады. Ол үшін бюроның шешімі де қабылданды.

«2017 жылдың 4-13 қаңтарында сайлаушылармен кездесулер үшін бізде өңірлерге сапарлар жоспарда бар. Осы ретте тиісті кесте пысықталып, бекітілді. Бұл өте маңызды саяси шара болып табылады, яғни оның барысында еліміз Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған салтанатты жиналыста Мемлекет басшысы сөзінің негізгі мазмұнын халыққа түсіндіруіміз керек. Онда Президент өте үлкен стратегиялық мақсаттарды алға қойған еді», - деді Мәжіліс төрағасы.

Оның сөзіне қарағанда, қазіргі шақырылымдағы Мәжілістің жұмысы басталғалы 81 заң жобасы өндіріске қабылданды. Оның ішінде мақұлданып, Сенатқа жіберлігендері 51-ге жетті. Сонымен бірге 9 заң жобасын депуттардың өздері әзірледі. Бүгінде Парламент қабылданған заңдардың 32-сіне Мемлекет басшысы қол қойып, олар заңды күшіне енді.

«Парламенттің барша заң шығарушылық жұмысы жаңа форматта жүргізілуде. Мәжілісте заң жобаларын қарастыру БАҚ-тың, үкіметтік емес ұйымдардың, қоғамдық-саяси бірлестіктердің, Парламентке енбей қалған партиялардың қатысуымен өтуде», - деп тоқталды Нығматулин.

Осы ретте ол кәсіби әрі үйлесімді жұмыстары үшін палата депутаттарына алғысын айтты.

Мәжіліс төрағасы сөз соңында жұмыс жүктемесінің артуына қарамастан, депутаттар жұмысының қарқыны жақсы екенін қадап айтты.