16 қыр, 2019 сағат 10:00

16 адам автобустың артқы есігінен шығып үлгерген – Шамалғандағы апат

Шамалғанда пойызбен соқтығыспай тұрып, жолаушылар автобусының ішінен 16 адам шығып үлгерген. Бұл туралы ОҚК-дағы брифингте Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мәселенің мән-жайы анықталып жатыр. Алдын ала мәлімет бойынша, автобус кептелісте тұрып қалған. Жүргізуші пойызды көріп, артқы есігін ашқан. 16 адам автобустан сыртқа шығып үлгерген. Автобус жүргізушісі оқиға орнында көз жұмды. Қалған үш адам Қарасай аудандық ауруханасына ауыр күйде», - деді Ерлан Тұрғымбаев.

Еске сала кетсек, кеше Шамалған станциясында пойыз бен автобус соқтығысқан болатын. Алдын ала болжам бойынша, автобус темір жолдың релсіне шығып кеткен.

Оқиға орнында автобус жүргізушісі мерт болып, тағы 3 адам Қарасай аудандық ауруханасының жансақтау бөлімінде жатыр. Оның екеуі бала.

Қазір аталған факті бойынша ҚР ҚК 345-бабының 3-тармағы бойынша іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр. Істің тергелуін Бас көліктік прокуратура өз бақылауына алды.