25 мам, 2020 сағат 13:52

15 мың телесабақ түсіріледі - Асхат Аймағамбетов

15 мың телесабақ түсіріледі. Бұл туралы мұғалімдердің қатысуымен онлайн режимде өткен конференцияда Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Министр қашықтан оқыту кезінде үш мыңнан астам телесабақ дайындалғанына тоқтала келе, «Шынымен де елеулі жұмыстар атқарылды. Қазір тағы да 15 мың телесабақты түсіруді жоспарлап отырмыз, себебі бізге болашаққа дайындалу керек. Пандемияның екінші немесе үшінші толқыны болмаса да, сабақ өткізілмейтін аязды күндер кездеседі. Сонымен қатар қыста жолдың жабылуына байланысты тиісті мерзімде балалар оқи алмайтын жағдайлар да туындауы мүмкін. Осындай күтпеген жағдайлар көптеп кездеседі», - деді.

Осы орайда А. Аймағамбетов телесабақтар білім беру үшін жақсы тәсіл екенін атап өтті. 

«Жалпы, телевизиялық форматта дайын болуы үшін біз оқу жылының тұтас төрт тоқсанындағы сабақтарды түсіруді жөн санадық. Қазір арнайы алаңды даярлап жатырмыз, онда әрбір мұғалім өзінің сабақтарын тиісті талаптармен түсіру мүмкіндігіне ие болады», - деді министр. 

Бұдан бұрын хабарланғандай, министр телесабақтарды даярлауға белсенді қатысқан мұғалімдерді марапаттады.