12 қыр, 2019 сағат 04:25

14 жастағы қари Түркияда өткен халықаралық Құран сайысынан жеңіспен оралды

14 жастағы жамбылдық қари Дулат Қалығұлов Түркия мемлекетінде өткен халықаралық Құран оқу сайысында дара шығып, «Алтын белгі» аталатын бас жүлдеге ие болды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

11 жасында Құранды жаттаған Дулат қари 14 жасында елге танылып отыр. 

Алланың кәләмі болған Құран Кәрімді жаттап шығу екінің біріне бұйыра бермейді. Мектепке бармастан, алты жасында арабша әріп таныған Дулат - үйдегі бес баланың ортаншысы. Әкесі, Дулатты тоғыз жасында Бангладеш мемлекетінің астанасы Доха қаласындағы қарилық медресеге берген. 

Құран оқу жарысына Мысыр, Сирия, Бахрейн, Сауд Арабиясы, Иемен, Индонезия, Малайзия сынды алпауыт мемлекеттерден келген 600-ден астам үміткер қатысқан. Әлеуметтік деңгейге ие «алтын белгіні» қанжығаға байлаудың шарттары да оңай болмаған. Ал, Дулаттың анасы Сәуле Шалбұлова құран жаттағандағы ниетіміз мұндай жарыстарға қатысу үшін емес, бәрі де бір Алланың разылығы үшін дейді. Сайыс шарты бойынша қатысушы мамандардың алдында 12 сұраққа жауап беріп, Алланың Кәләмін кез келген жерінен мүдірмей оқып, аяттың тарихына дейін білу керек-ті. Сыннан сүрінбей өтіп, нақты толық 100 ұпайды жинаған қатысушылар ғана осы атаққа ілінбек. Міне, дәл осы «алтын белгіні» 630 қатысушының арасынан 10 бала  иеленсе, соның бірі - Дулат. 

Аталған құрмет грамотасын Түркия елінің министрі табыстап, жылы лебізін білдірді. Сонымен қатар жеңімпаздардың ішінен Дулат Қалығұлов Түркиядағы «Hilaliye erkek Kur'an Kursu» ашылу салтанатына арнайы шақырылды.

Осы мәртебесіне орай облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінде жас қариге арнайы құрмет көрсетілді. Көпшілік жас қариға шын жүректен құрметін жеткізіп, елімізде білімді қарилардың көп болуын тілеп, бата берді.