#
#
Сейсенбі 24/10/2017

Түркиядағы қазақтар: «Гималайдың басында бабам қалған…»

  • 11.03.2017
  • 0
  • 8853

365info.kz сайтының тілшісі Райхан Рахым Түркияға барып, осындағы Алтай ауылында тұратын қазақтардың тыныс-тіршілігімен танысып қайтыпты. Алып қосары жоқ, жүрекпен жазылған дүниені аударып бастық. Сонымен…

Бір кездері Анкарадан 350 шақырым жерде орналасқан Алтай ауылы Түркиядағы қазақ диаспорасы шоғырланған өлке болатын. Түрік жерінен пана тапқан қазақтар дәл осы араға келіп қоныс тепкен еді. Қазір бұл ауылдан тараған қазақтардың үрім-бұтағы шартарапқа шашырап кетті. Біреуі білім қуып, Еуропаға кетсе, енді біреулері тарихи отанына оралған. 

Білмеуіңіз мүмкін. Алтай ауылы – өткен ғасырдың 50 жылдарында қуғын-сүргін көрген керей руының қазақтары қоныс тепкен жер.

Бұл әкімшілігі жергілікті қазақтардан сайланатын Түркиядағы жалғыз қазақ ауылы. 

Ауылда қазір 20-ақ түтін қалыпты. Айналдырған 100 адам. Алайда олардың бұл жерден кеткісі де, көшкісі де жоқ.

Алтайға түнделетіп жеттік. Зекі аға мен Қанипа апай күтіп алды. Түркияда тұратын қазақтардың қонақжайлылығы тағы бір тақырыпқа арқау болар еді, анығында. Кереметтей күтті. Дастарханы жиылған жоқ. Себебі, бізбен амандасуға, хал сұрасуға келген адам аяғы үзілмеді. Қазақтың «шай ішейігі» таусылсын ба? Біз тоқтаған үйдің босағасынан аттаған адамның ешбірі дастарханнан дәм татпай кеткен жоқ.

Бұл жақта тұратын қазақтардың дастарханы да ерекше болады екен. Қазақтың дәстүрлі асынан бөлек, түріктің тіскебасар тәтті тағамдарын да алдымызға тосты. Біз қонақ болған үйлердің барлығы қазақтың оюымен өрнектелген тұскиіздер мен тарихи жәдігерлерге тұнып тұр.

Әрине, ауылдағы аға буын туған тілін ұмытпаған. Жастар жағының да қазақшасы тәуір. Тек күнделікті өмірде түрік тілін жиі қолданады екен.

«Қазақстаннан журналистер келіпті» дегенді естіген ауылдағы ақсақалдар біз тоқтаған үйге жиналды. Өткен тарихтан сыр шертті. Жат жердің топырағы бұйырған бабалардың басына барып, құран оқыды.

Қазақ ауылының әкімі

Мұстафа Көк 2004-2009 жылдары осы ауылдың әкімі болған.

— Сол кездері қазақ мәдениетін қолдауға арналған қауымдастық құрылған. Әлі күнге жұмыс істейді. 2006 жылы ауылдың 50 жылдығын дүркіретіп өткіздік. Қазақстандағы бауырларды, Қытайдағы қандастарды шақырдық. Елшілік өкілдері де болды.

Бізге Қытай елшілігі қарайласып тұрады

Бірнеше жыл бұрын солардың көмегімен ауылға су жүргіздік. Тарту ретінде киіз үй сыйлады. Үнемі қолдап отырады. Себебі, бір кездегі талқандалған тағдырымыз үшін өздерін айыпты санайды. Рас қой, қаншама қазақтың ержүрек ұлдары Қытай жерінің қойнауында қалды. Біржолата. Мәңгілікке…, – дейді Мұстафа аға.

Ол өзін Алаштың баласымын дейді.

– Жұртымды сағынамын. Қазақты сағынамын. Көз жасыңа ерік бересің сондайда. Атақоныстан алыста жүргендіктен ба, қазаққа қатысты барлық дүние алабөтен ыстық. Балаларыма да айтып отырам. «Тамырыңды жоғалтпа. Тура жолмен жүр. Адаспа. Ұсақталма. Қазақ болып келдік, қазақ болып өтеміз. Иә, түрік бізге бауыр. Түріктің жақсылығын, қамқорлығын көрдік. Бірақ, бұл біздің түрікке айналатынымызды білдірмейді», — деймін. Иә, бала-шағаның түрікшесі бізге қарағанда, әлдеқайда жақсы. Иә, қазақшасы шорқақтау. Соған қарамай, дәстүр-салтымызды сақтап отырмыз. Арамызда балаларын Қазақстанға жіберіп жатқан отбасылар баршылық, – дейді ол.

Алтайдағы аз ғана түтіннің тұрмысы түзу. Осы араға көшіп келгелі бері төрт буын алмасыпты. Алғашқыда ауыр болған, әрине. Мұстафа ағаның әкелері ұлдарын оқуға түсіре алмай қиналыпты.

– Иә, солай болды. Ол тұстары Түркия экономикасы ақсап тұрған. Жоғары оқу орындарына біз тұрмақ, түріктердің өзі әзер түсетін. Қазір, құдайға шүкір, кеңшілік заман. Балаларымыз Түркияны қойып, шетелде оқып жүр. Ұрпағымызға жаман тәрбие бермедік. Төрт баламның да жоғары білімі бар. Үлкен қызым Стамбұл университетін тәмәмдады, қазір мектепте сабақ береді. Ұлым полицей. Екінші қызым да ұстаз. Кіші ұлым Қытайда оқиды, –  дейді Мұстафа Көк.

Айтуынша, Еуропада тұратын қазіргі қазақ диаспорасының барлығы осы Алтай ауылынан шыққан. 1963 жылы осындағы қазақ жастарының бір тобы Голландия, Швеция, Франция және Германияға шетелдік маман ретінде қоныс аударған. Қалып қойған.

«Оларға «оралсаңдаршы. Мына жақтағы аталарыңның, әке-шешелеріңнің жаман үйлерін жамап-жасқап қойыңдар», — дейміз. «Пенсияға» шыққанда қайтіп келеміз деп, уәде берген. Көреміз. Күтелік», – дейді жүзіне күлкі үйірілген Мұстафа аға.

Түрік бізге бауыр, ал Қазақстан – атақоныс

Әкімнің айтуынша, түрік билігі осындағы қазақтардың ешбір өтінішін аяқсыз қалдырған емес. Түріктер Алтайдағы аз қазақты бауыр санайды. 

– Құдайға шүкір, түтініміз түзу. Білсем, Моңғолия мен Ирандағы қазақтар біз сияқты бақуатты өмір кешпейді. Түркия мен Қазақстан да қазіргі күні қоян-қолтықтасып қаншама дүниелерді бірге атқарып жүр. Дұрыс. Ағайын елдердің алыс берісі, барыс келісі үзілмеуі керек. Дұрыс. Дегенмен де, дәл осы бізге келгенде, әлі де болса белгісіздік бар…

Құрылтайда болдым. «Оралман қазақтар неге Алматының айналасынан шықпайды? Неге Алматыдан үй сұрайды, жер сұрайды?» дейді. Түсінбейді. Біз жақсы, жайлы өмірге үйреніп қалдық. Мына жақта біздерді айдалаға лақтырмайды. Құла түзге тықпайды. Қазақ диаспоралары Анкара мен Стамбұлдағы ең үздік аудандарда өмір сүреді.

Айталық, Стамбұлда Зейтінбұрны деген «квартыл» бар. Шопингтің көкесі осы жерде. Қазақтардың үйі, дүкені, ательесі мен фабрикалары осы ауданда орналасқан.

Біз басы артық дүние сұрамаймыз. Қазақстанның тәуелсіздік алғанынан асқан бақыт жоқ. Еліміз аман болсын. Түркияда тұрсақ та, жүрегіміз Қазақстан деп соғады. Қайда жүрсек те қазақпыз, – дейді Мұстафа аға. 

Баба жолы

Ұзақ сөйлестік. Мұстафа ағаның әңгімесін ұйып тыңдаппыз. Ұнады. Аға домбыра шертті. Ән айтты. Қазақстандағы Алтайдан осындағы Алтайға қоныс аударған бабаларының мұң-зарын домбыратын үнімен жеткізді.

Артынша ескерткіш тақтаға алып барды. 

– Тақтаны осындағы әрбір қазақ туған-туысқанын жоғалтпауы үшін орнаттық. Түркияға табан тірегенде, түгелге дерлік түріктің тегін (фамилиясын) берді. Мысалға, Мағзұм Көк. Бұл арадағы «Көк» фамилиясы ағаштың тамыры деген мағынаны білдіреді. Ал Ислам Яваш  — «Сақ Ислам» деген сөз, – дейді ол.

83 жасар Өмер ата осы араға алғаш табан тіреген жылдарды есіне алды.

—  1955 жылдың 7-мамырында келдік бұл араға. Ол кездегі санымыз 800-дей еді. Бір жылдың ішінде 165 там тұрғыздық. Өз қолымызбен. Жергілікті билік те барынша көмектесті. Алғаш рет арқамыз кеңіп еңбек еттік, алды артымызға алаңдамай намаз оқыдық. Бастапқыда ауылдың атын «Орал» деп қойғанбыз, кейін ақылдаса келе, Алтай деп өзгерттік.

Билік ауылдың әр тұрғынына 30 гектар жер бөлді. 55 жылы отбасыңда бес адам болса, саған 150 гектар жер тиесілі болатын. Ауылға жапсарлас жатқан 20 мың гектар жер қазақ диаспорасына тиесілі. Жартысы жайылым жер, қалғанына бау-бақша егеміз.

— Мен сізге мынаны айтайын. Түріктер талай ұлттың өкілін бауырына басқан. Бірақ, солардың арасында ең сыйымдысы да, сыйлысы да қазақтар деп есептейді. Біз Түркиядағы ең сыйлы диаспорамыз. Ешкімге зиянымызды тигізбейміз, себебі. Ақкөңілміз. Қонақжаймыз. Қонақжайлығымыздың арқасында құрметтіміз. Есігіміз ашық, көңіліміз кең, – дейді Өмер ата.

Керей

Өмер Сейсігүзәл — осында қой шаруашылығымен айналысады. Жанында Ауғанстаннан келген бірнеше көмекші шопаны бар.

— Бұл бала керейдің ішіндегі – қарақас. Әкесінің аты Жүсіп. Атасының аты Абдулла. Иә, түрі түріктен аумайды. Қаны қазақ, бірақ. Түркияға жетер жолда атасының төрт әйелі де көз жұмған ғой. Осында жеткесін түрік әйел алған… –  дейді ауыл әкімі Мұстафа Көк.

Өмер де үнсіз қалған жоқ:

— Қазақстан егемендік алғанда осындағы қазақтардың көпшілігі туған жерге қоныс аударды. Ата қоныстағы ағайынмен қайта қауышарына қуанды. Бірақ, іс жүзінде бәрі біз ойлағандай болған жоқ. Ештеңе жоқ. Ешнәрсе дамымаған. Бизнесті мүлдем жүргізе алмайсың. Оның үстіне, бізді анда-мында бөліп тастады.  Өтірік уәде беру, сансыз сылтау айту, алдап-арбау да көп болды. Бизнесті бірігіп жүргізуге үйреніп қалған бізге сол кезгі Қазақстанның өмір дағдысына бейімделу қиынға соқты. Содан да шығар, көшіп кеткендердің тең жартысы қайтып оралды.

Бұл 90-шы жылдар тұғын. Одан бері біраз дүние өзгерді. Ағам әзір Атырауда тұрады. 15 жыл болды. Терезе жасайтын компанияда жұмыс істейді. Мен де бағымды сынап көргем. Қазақ-түрік қоры арқылы туған жерге кешіп келу үшін отбасыммен бірге құжат өткіздім. «2007 жылдың мамыр айында Қазақстанға көшесіңдер» деген. Бірақ, күткен құжаты қарашада келді. Бұл уақта бізде қысқы киімдердің маусымы басталатын. Ол тұстары Стамбұлда тұратынмын. Тон тігетін цехім бар еді. Әдетте, маусымның қызған шағында біз бір жылға жетерлік табыс табатынбыз. Қарашада көшіп кетер болсақ, табыссыз қалар едік.

Міне, осылай үш жыл бойы қайталанды. 2007, 2008, 2009…Құжат тапсырамын. Көктемде келеді деп уәде береді. Онысы қыста жетеді. Құжат дер кезінде рәсімделмейтін, – дейді Өмер Сейсігүзәл.

 

Ұзақ жыл тері өнімдерімен жұмыс істегеннен кейін Өмер ревматизм ауруына шалдыққан. Осыдан екі жыл бұрын несие алып мал шаруашылығымен айналыса бастаған.

Қазір қорасында 200 қойы, 50 ешкісі мен 13 жылқысы бар.

Түркияда ауыл шаруашылығына қолдау күшті. Мал жұқпалы дертке шалдықса бірден инспектор келеді де, бағасын өтейді. Несие алсаң да, салмағын салмайды. Осы ісімізді біз Қазақстанда да өркендете алар едік. Тек соған сай жағдай жасалса…», –  дейді ол.

Гималайда қалған қазақтар…

Ерлер жағы намазға кетіп, Қанипа апа бастаған әйелдер түскі ас әзірлеуге көшті.

 

Осы сәтті пайдаланып Өмер атаны тағы да әңгімеге тарттық. Ақсақалдың ата-бабасы алдымен Алтайдан Қытайға қашыпты, бұл жақтан пана таппай Үндістанға ауған. Ақыры Түркияға табан тіреген.

— Атам марқұм Гималай тауларында өлді. 70-тен асқан шағы еді. Кәрілік жеңді. Қуғын-сүргінді көтере алмады. Өлер алдында өзін кез-келген мұсылман еліне апарып жерлеуді өтінген болатын. Бүкіл туған-туыс бас қосып ақылдастық. Жол болса, ұзақ. Үндістанға жету үшін 4 айы бойы тынбай жүруіміз керек. Не керек, тобымыздың ересектер жағы от жақты. Түнімен жақтық. Таң ата от қызуымен жұмсарған жердің астын қаза бастадық. Өнбеді. Тау емес пе? Сірескен тас. Келесі күні де мандытып қаза алмадық.  Осылай 4 күн жүрдік. Бесінші күн дегенде қаздық-ау ақыры. Анығы, жол бойы көз жұмғандарды көметін орынды осылай дайындадық. Марқұмдарды жер қойнына тапсырғасын қабірдің бетін адам байқамайтындай жасырған болдық. Әйтпесе, тибеттіктер жас қабірді аршып алып, өлген денені иттеріне беретін. Осы орадан құран оқып, әрі қарай жүріп кеттік. Мен ол кезде бала едім. Түсінбеймін ғой. Апамнан: «Атамды енді қашан көремін?» деп сұрай беретінге ұқсаймын. Міне, біздің өмір осылай өтті. Қара жердің топырағы да бұйырмай көмусіз қалғандар қаншама…

Тибет пен Гималайдың, Пәкістан мен Үндістанның аралығындағы бітіп болмас ұзақ жолға талайы төзе алмады. Бұған аштық мен ауру-сырқауды тағы қосыңыз. Айталық, отбасыда 7 адам болса, арасы бір аптаның ішінде бір отбасы түгел қырылып қалатын. Осылайша, бүтін бір үрім-бұтақ үзілетін. Тіпті, тірі қалғандардың өздері есінен адасатын…

Гималайда төбемізден бомбылады. Самолеттің гуілі мен балаларынан көз жазып қалған әйелдердің айғайы есімде қалыпты. Қуғыннан құтылдық па дегенде белгісіз ауру пайда болды. Адамдардың денесі ісініп кететін. Тіпті, ат арқалай алмайтын оларды. Мұндайларды жанына шапаны мен бір шөлмек суын қалдырып жартасқа жантайтып кететін. Олар осылай өлді…

Бұл айтқанға ғана оңай. Өзіңмен бала жастан бірге өскен адамың: «Мені тастай көрме!» деп айғайлағанда, жаныңды қоярға жер таппайсың. Амал жоқ, ол үшін көшті тоқтатып қоюға қоймайды. Алға жылжу керек. Мұны көрген кейбіреулер есінен адаса бастады. Кашмирге жете бере мұндайлардың бір тобын терең ор қазып, ішіне түсірді. Суы мен азығын берді. Бірақ, сыртқа шығарған жоқ. Себебі, ортасына қауіпті болатын. Өзін не өзгені өлтіріп тынар еді. Үндістанның Мұзафарабад, Пәкістанның Тырнава қалаларының аралығында талай қазақтың қабірі бар. Алтайдан шыққанда 5 мың қазақ едік, Түркияға жеткенде үштен біріміз ғана қалды. Бұл 1941-42 жылдар тұғын…, – дейді көз жасына ерік берген Өмер ақсақал. 

Үнсіз тыңдадық. Түсіне білгенге мұның астарында қазақтың шынайы тарихы жатыр-ау. Зорлық-зомбылық пен қуғын-сүргіннен көз ашпаған халықтың тағдыры. Мың өліп, мың тірілген…

Бұл ауылда бірнеше күн аялдадық. 

(жалғасы бар...)

Аударған, Думан БЫҚАЙ

Суреттерді түсірген Владимир Третьяков

0 пікір

Пікір қалдыру

БАННЕР