#
#
Дүйсенбі 20/02/2017

Шерхан Талап. Рио-2016: сенім мен үміт

  • 23.08.2016
  • 0
  • 1697

Бар әлемнің назарын ұрлаған Рио аламаны да өз мәресіне жетті. Төрткүл дүние көз тіккен дүбірлі додаға қатысқан ел құрамасы 3 алтын 5 күміс 9 қола медальмен 22-орыннан көрінді.

Лондон олимпиадасында алғашқы жүлде алтынмен басталып еді. Артынша алтын медаль қарша борады. Ал, Риодағы алғашқы жүлдеміз қола болды. Кейіннен алтынымыз азайып, қоламыздың қатары молая түсті. Төрт жыл бұрынғы жетістікті қайталау қиынға соқты. Дегенмен, халық тілегін арқалап, ұлт намысын ту қылған қыз-жігіттеріміз жүлде жолында жан аямай күресті.

Ел үміт артқан ауыр атлеттеріміз бұл бәсекеге толық құрамда қатыса алмады. Жарыс жақындағанда Илья бастаған мықтыларымыздың допинг дауына ілігуі – халық көңіліндегі күдік бұлтын қалыңдатты... Алайда зілтеміршілеріміз жерге қаратпады. Қазақстан құрамасының қоржынына алғаш болып алтын медаль салған Нижат Рахимов чемпион атанып қана қоймай, әлем рекордын жаңартты. Ауыр атлеттеріміз екінші құрамда қатысқанын қарамастан, 1 алтын, 1 күміс, 3 қола медальмен жалпы есепте бесінші орынға ие болды.

Бұл ретте «күміс қызымыз» Жазира Жапарқұлдың жөні бөлек. Ол  қазақ қыздары арасынан шыққан тұңғыш олимпиада жүлдегері атанды. Бұған дейін көркем гимнаст Әлия Юсупова бұл атты иемденуге бір табан жақын болып еді. Ол Афина олимпиадасында 4-орын алса, Бейжің олимпиадасында 5-орыннан көрінген еді. Бұл олимпиада олимп шыңын бағындыра алмай жүрген қазақ қыздары үшін сәтті болды. Балуан қыз Эльмира Сыздықова мен боксшы Дариға Шәкімова да жүлдегерлер қатарынан көрініп, ел мерейін асырды.

Бозкілемдегі жігіттеріміз бірінен соң бірі ұтылып жатқанда, әйелдер құрамасы ерледі. Үкілеп қосқан төрт балуанымыздың үшеуі жүлделі болды. Гюзель Манюрованың күмісі, Элмира мен Екатеринаның қола жүлдесі Қайрат Сағадиев жаттықтыратын қыздар құрамасының жарысқа жақсы дайындықпен барғандығын байқатты. Әйелдер құрамасы бұрындары мұндай жетістікке жетпеген болатын.

Бразилиядағы бәсеке Қазақстан құрамасы үшін Дмитрий Баландиннің сенсациялық жеңісімен, Елдостың жанкешті өнерімен, Василий Левиттің алтынға бергісіз күмісімен есте қалды.

Екі Олимпиадада жүлде алған Әділбек Ниязымбетов, Иван Дычко, Ольга Рыпакова, Гюзель Манюровалардың да еңбегін ерекше атап өткен жөн.

Күллі қазақ сенім артқан боксшыларымыз 1 алтын, 2 күміс, 2 қоламен командалық есепте бесінші орынға тұрақтады. 91 келіге дейінгі салмақта Олимпиада ойындарына барған тұңғыш қазақстандық боксшы Василий Левиттің финалдық жекпе-жегі Риодағы даулы оқиғалардың біріне баланды. Левиттің ресейлік боксшыны қуып жүріп сабағанын барлық жанкүйер көрсе де, жеңіс қарсыласқа берілді. Залдағы жанкүйерлердің келіспеушілігінен туындаған шу әлемдік бокссүйер қауымның наразылығына ұласып, AIBA басшыларына дейін жетті.

Қазақ жанкүйерлері шаршы алаңдағы әділетсіздіктің кесірі Қайрат Ералиев пен Олжас Сәттібаевқа да тиді деп есептейді. Төрешілер бұра тартпағанда екі боксшымыз да жүлдегерлер сапынан көрінер еді. Саттарханов сынға түскен салмақ дәрежесінде Ералиевтің де жасындай жарқырар шамасы бар-тын. Амал қайсы?..

Басқаға кеткен есемізді Елеусінов қайтарып берді. «Қазақтың салмағына» баланған 69 келі салмақ дәрежесінде жеңіс дәстүрі жалғасты. 2004 жылы Афинада Бақтияр Артаев, 2008 жылы Бежіңде Бақыт Сәрсекбаев, 2012 жылы Серік Сәпиев алтын алған салмақта Данияр үздік шықты. Салмақ дəрежелері өзгермей тұрған кезде, Сиднейде (2000 жылы) Ермахан Ыбырайымов та 71 келіде жеңімпаз атанған еді. Демек, бес бірдей олимпиадада қазақ боксшылары орта салмақта үздік атанып келеді.

Келесі Олимпиада астанасы – Токио қаласы. Лондондағы жетістікті қайталау үшін һәм асып түсу үшін спортшыларымызға тың серпіліс қажет секілді. Қателіктерден сабақ алу, жетістіктерді еселей түсу жауапты органдардың құзырында. Легионерлерге ғана үміт артпай, әр аймақта тартыдай шашылған таланттарымызды тауып, қатарға қоссақ. Бокста әлемді өзіне қаратқан өзбектердің тамаша жетістігі қазақ спортшыларының да жігерін жануы тиіс. Ұлт намысы сынға түскенде, ұлдарымыздың ұраны «не бел кетеді, не белбеу кетеді» болса! Тәңірім толағайларымызға Токиода топ жару бақытын бұйыртсын!

Шерхан Талап

0 пікір

Пікір қалдыру

БАННЕР