13 нау, 2018 сағат 15:42

12 жылда Қазақстан Тәжікстанға 34,5 млн доллардың гуманитарлық көмегін көрсеткен

2006 жылдан бастап осы уақытқа дейін Қазақстан Тәжікстанға 34,5 млн доллардың гуманитарлық көмегін көрсетті. Бұл туралы бүгін Қазақстанның Тәжікстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Нұрлан Сейтімов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«2006 жылдан бері біз ақшамен есептегенде 34,5 млн АҚШ доллары көлемінде гуманитарлық  көмек көрсеттік. Олар мазут цистернасы түрінде көрсетілді. Соңғы рет 3,9 млн доллардың көмегі берілді. Бұған дейін табиғи апаттан кейінгі алғашқы уақытта қиын жағдайға тап болған халыққа дер кезінде көмек көрсетуге арналған  азық-түлік, шатырлар түрінде жеткізілген еді», - деді Нұрлан Сейтімов ҚР Сыртқы істер министрлігінде БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз мәслихатында.

Оның сөзіне қарағанда, Қазақстан тәжік еліне тұрақты түрде гуманитарлық көмек көрсетіп келеді.

«Өйткені, Тәжікстан сел жүру, су тасқыны, жер сілкінісі сынды табиғи апаттарға үнемі тап болып жатады. Жолдар жабылып, тұрғындар қиын жағдайларға душар болады. Біздің еліміз соны білгеннен кейін тұрақты түрде көмек беріп келеді. Көмегімізді тәжік халқы өте жоғары бағалайды», - деді Елші.