08 қар, 2019 сағат 11:58

11 жасар алматылық Лос-Анджелесте Азия киносы фестивалінің қызыл кілемімен жүріп өтті

11 жастағы алматылық Софи Манасян Лос-Анджелесте Бүкіләлемдік Азия киносы фестивалі аясында қызыл кілеммен жүріп өтті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Nickelodeon телеарнасындағы Lip Sync Battle Shorties балалар шоуына қатысу арқылы тек Қазақстанда ғана емес, АҚШ-та да қатарластарының арасында танымал болған Софи қуанышты жаңалығын Instagram-парақшасында бөлісті.

«Дүниежүзілік Азия кино фестивалі – 2019. Ашылуы керемет болды, барлық көрсетілімдерде жүздесеміз», - деп жазды 11 жастағы алматылық.

Софи қызыл кілеммен қазақстандық дизайнерлердің бірінің қолынан шыққан көйлекпен жүріп өткен.

Айта кетейік, Рүстем Әбдірашевтің «Қазақ хандығы. Алтын тақ», Ермек Тұрсыновтың «Шырақшы» және Фархат Шәріповтің «Тұлғалық өсу тренингі» фильмдері АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласында қарашаның 6-ы мен 14-і аралығында өтіп жатқан Asian World Film Festival фестиваліне қатысып жатыр. Бұл туындыларды ҚР Мәдениет және спорт министрлігі тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ түсірген.