26 қыр, 2018 сағат 13:34

10-қабаттан құлаған баланы құтқарған астаналық марапатталды

Астана қаласының әкімі Бақыт Сұлтанов 10-қабаттан құлаған 7 жасар баланы құтқарған Астана тұрғыны Артем Каревты марапаттады. Бейбіт күннің батыры атанған жас жігітке 500 мың теңгенің сертификаты табысталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Кеше Сіздің ерлігіңізді естіп, қатты қуанып қалдық. Жап-жас астаналықтың өмірін сақтап қалдыңыз. Біздің әкімдіктің атынан, бүкіл халықтың атынан сізге үлкен алғыс айтқымыз келеді. Әлбетте, біздің құрметтен жоғары ерлік жасадыңыз. Сізге көп рахмет», - деді қала әкімі.

Өз кезегінде Артем Карев бұл құрметке ерекше алғысын білдірді.

Еске сала кетсек, кеше Астана тұрғыны Артем Карев 10-қабаттан құлаған 7 жасар баланы құтқарып қалған болатын. Оқиға Сарыарқа ауданының Жеңіс даңғылындағы көпқабатты үйлердің бірінде, 24 қыркүйекте болған.


«Таңғы 10:16-да Жеңіс даңғылындағы 28-үйде жас баланың 10-қабаттан құлау қаупі туралы хабар келіп түсті. 10:22-де оқиға орнына Астананың №2 арнайы мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі жеткен және олар келгенше 9-қабаттағы тұрғын баланы құтқарып үлгерген», - деп хабарлаған еді ҚР ІІМ ТЖ комитетінің ресми өкілі Руслан Иманқұлов.