28 мау, 2018 сағат 11:25

1 шілдеден бастап қазақстандықтардың өмірінде болатын 10 өзгеріс

1 шілдеден бастап Қазақстанда тұрғындардың өмірін өзгертетін біршама жаңашылдық күшіне енеді. Санаулы күндерден кейін енетін өзгерістерге қатысты қысқаша шолуды назарларыңызға ұсынамыз!

Базалық зейнетақыны төлеу тәртібі өзгереді 

1 шілдеден бастап базалық зейнетақыны төлеу тәртібі өзгереді. Бұдан былай базалық зейнетақының мөлшері азаматтардың еңбек өтілі мен зейнетақы жүйесіне қатысу ұзақтығына тәуелді болады. Егер бүгінде барлық зейнеткерге базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54% мөлшерінде немесе 15 274 теңге төленсе, онда 1 шілдеден бастап оның мөлшері зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне байланысты артады. 

Еңбек өтілі 10 жыл немесе одан кем, не мүлдем жоқ азаматтарға базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54% шамасында белгіленеді. Яғни 15 274 теңге. Ал егер еңбек өтілі 10 жылдан асса, әр жыл үшін 2 процент үстеме қосылады. Еңбек өтілі 33 жыл немесе одан да көп азаматтарға ең төменгі күнкөріс деңгейінің 100%-ы немесе 28 284 теңге төленеді. Бұл ретте 1998 жылғы 1 қаңтарға дейінгі еңбек өтілі мен 1998 жылдан кейінгі жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі есепке алынады.

Биыл республикалық бюджеттен базалық зейнетақыға 530 миллиард теңге қарастырылған. 

Жаңа мемлекеттік жәрдемақы

Биыл Қазақстан президенті халыққа Жолдауында 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап кәмелетке толған, бала кезінен бірінші топтағы мүгедектерді бағып отырған ата-аналар үшін қосымша мемлекеттік жәрдемақыны енгізуді тапсырған болатын.

Қосымша жәрдемақыны шамамен 14 мың отбасы ай сайын алатын болады. Жәрдемақы көлемі биыл ең төменгі күнкөріс деңгейінің 1,05 мөлшерін немесе 29 699 теңгені құрайды. 

Бұл мақсатқа осы жылы 2,7 миллиард теңге көзделген. 

Пациенттердің амбулаторлық картасы жойылады 

Қазір республиканың сегіз өңірі ауруханаларда қағазбастылықты жою мақсатында пилотты режимде электронды жүйеге көшкен. 1 шілдеден бастап "қағазсыз аурухана" жобасына бүкіл Қазақстан қосылмақ. 

"1 шілдеден бастап қалған өңірлер, Алматы мен Астананы қоса алғанда, пациенттердің жазбасын толығымен электронды форматта жүргізеді. Яғни, пилоттық жоба аясында амбулаторлық карталар жойылады", — деген еді  денсаулық сақтау вице-министрі Олжас Әбішев. 

Айта кетсек, қазіргі таңда Қазақстанда мемлекеттік тапсырыс бойынша жұмыс істейтін, яғни тегін медициналық көмек көлемін орындайтын 900-ден аса медициналық ұйым бар. Олардың 35%-і – жекеменшік, қалғаны – мемлекеттік. 

e-Паспорт пен e-Виза 

1 шілдеден бастап Қазақстанда автокөліктердің электронды паспорты енгізіледі. 

Электронды паспортта темір тұлпардың зауыттан шыққан күнінен бастап, бұзылғаны, тіпті апатқа түскені туралы барлық "өмірбаяны" жазылады. Бұл ақпараттың бұрмалануына жол бермей, мұндай құжаттарды қолдан жасауға тосқауыл болады. Болашақта мінілген көлікті сатып алғысы келген адам арнайы порталдан оның "өмір тарихымен" таныса алады. Мәліметтер Еуразиялық экономикалық одақтың бірыңғай базасында сақталады. 

e-паспортқа көшу ЕАЭО-да құжаттарды рәсімдеу процесін оңтайландырып, бизнестің операциялық шығындарын төмендетпек. 

"Электронды техпаспортқа кезең-кезеңмен көшеміз. Паспорт ЕАЭО елдерінің барлығына бірдей болады", —деген еді Қазақстан автомобиль бизнесі қауымдастығының өкілдері.

Әу баста ЕАЭО-ға мүше елдер көліктердің электронды паспортына 2017 жылдың 1шілдесінде көшпекші болған. Алайда техникалық түйткілдерге байланысты жаңашылдық бір жылға кейінге қалдырылды. 

Шілденің бірінші күнінен іске қосылатын дүниелердің бірі – электронды виза. Қазақстанға келгісі келетін шетелдік қонақтарға е-визаны алу үшін консулдық бөлімдерге бару міндет емес. Шетел азаматы электронды портал арқылы Қазақстанның көші-қон қызметіне жүгіне алады. Өзінің жеке мәліметтерін, елге келу мақсаты мен болу мерзімін, қаржылық мүмкіндіктерін онлайн көрсетуге мүмкіндік бар. 

Кейін шетел азаматының мәліметтері деректер базасы бойынша тексеріледі. Егер ешқандай шектеулер болмаса, онда әлгі азаматтың атына е-виза рәсімделеді. Сонымен қатар мәдениет министрлігі тарапынан шетелдіктер үшін "е-қонақ үй" қызметін енгізу жоспарланып отыр: шетелдік қонақ үйге орналасқан кезде автоматты түрде порталға тіркеледі. 

Темекі тағы қымбаттайды

Былтыр қыркүйекте ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев ҚР Үкіметінің №587 "Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 4 сәуірдегі № 260 "Сүзгімен, сүзгісіз және папирос сигареттерінің ең төменгі бөлшек бағаларын белгілеу туралы" қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" қаулысын бекіткен болатын. 

Осы құжатқа сәйкес, Қазақстанда темекінің ең төменгі бөлшек сауда бағасы мынадай: 2018 жылдың 1 қаңтарынан 30 маусымына дейін – 340 теңге, 2018 жылдың 1 шілдесінен 31 желтоқсанына дейін – 360 теңге; 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап 380 теңгені құрайды.

Айта кетсек, бұған дейін бір қорап темекінің ең төменгі бағасы 320 теңге болған еді. 

Жәбірленушілерге өтемақы қорына ақша түсе бастайды 

Қазақстанда қылмыстардан зардап шеккен тұлғаларға бір реттік материалдық көмек көрсету үшін жәбірленушілерге өтемақы қоры құрылған болатын. ҚР президенті тиісті заңға осы жылдың қаңтарында қол қойды. 

Жәбірленушілер үш санат бойынша қарастырылады. Олар: кәмелетке толмай жатып зорлық-зомбылық құрбаны болғандар, адам саудасына түскендер, денсаулығына ауыр зиян келгендер және иммун тапшылығы вирусын жұқтырғандар (ВИЧ/СПИД). Сондай-ақ, жәбірленуші қайтыс болған жағдайда, өтемақы оның туыстарына төленеді.

Қорға бес көзден ақша түседі: сотпен өндірілетін мәжбүрлі төлемдер; процессуалды міндеттерді орындамағаны үшін сот шешімімен өндірілетін ақша; түзеу жұмыстары бойынша түсімдер; кері талап қою тәртібінде өндірілетін ақша; ҚР заңнамасында тыйым салынбаған басқа көздер. 

Қаржы министрлігінің есептеуінше, жылына аталған қорға шамамен бір миллиард теңге жиналады.

Ал жәбірленушілерге өтемақы 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап төлене бастайды. 

Жылу тарифі төмендейді 

1 шілдеден бастап Астанада жылу тарифі шамамен 5%-ке төмендейді. 

1 қаңтардан бекітілген тариф ГКал үшін 1777,14 теңгені, ал өтемдік тариф 1 шілдеден 31 желтоқсанға дейін 1695,24 теңгені құрады. Тариф 4,6 процентке төмендеген. 2019 жылы тарифтер 4,8%-ке төмендетілмек. 

Жаңа тариф 1 шілдеден бастап бір жыл мерзімге күшіне енеді. 

Депозиттер бойынша жылдық жоғары сыйақы мөлшері өзгереді

2018 жылдың 1 шілдесінен бастап Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры ұсынатын жеке тұлғалардың жаңадан тартылған депозиттері бойынша ең жоғарғы жылдық сыйақы мөлшерлемесі 12%-ға дейін төмендейді.

"Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры" АҚ директорлар кеңесі депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесіне қатысушы банктерге ұсынатын теңгедегі депозиттер бойынша ең жоғарғы сыйақы мөлшерлемесін қайта қарап шықты.

Сонымен, 1 шілдеден бастап жеке тұлғалардың ұлттық валютадағы жаңадан тартылған депозиттері бойынша ұсынылатын ең жоғарғы жылдық сыйақы мөлшерлемесі 12%-ға дейін төмендетіледі. Ал, жеке тұлғалардың жаңадан тартылған шетел валютасындағы депозиттері бойынша ұсынылатын ең жоғарғы жылдық сыйақы мөлшерлемесі сол деңгейде сақталады (1%).

Депозит нарығының конъюнктурасы күрт өзгерген жағдайда, бұл мөлшерлемелерді Директорлар кеңесі және (немесе) "ҚДКБҚ" АҚ-ның жалғыз акционері – ҚР Ұлттық банкі қайта қарауы мүмкін.

Мемлекеттік сатып алу қағидаларына өзгерістер енгізіледі 

1 шілдеден бастап Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларына енгізілген өзгерістер күшіне енеді. Түзетулер құрылыс саласындағы мемлекеттік сатып алу жұмыстарын жеңілдету және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендету мақсатында енгізілген. 

Қағидалардың тұжырымдамалық түзетулері мынадай:

  • мемлекеттік сатып алудың веб-порталы арқылы рәсімделетін консорциалдық келісімнің үлгілік нысанын бекіту; 
  • құрылыс саласындағы мемлекеттік сатып алу жұмыстарын жүзеге асыру кезінде жұмыс тәжірибесін есептеудің нақты регламенті; 
  • тапсырыс берушілерді техникалық сипаттамада сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың және көрсетілетін қызметтердің ұлттық стандартын (бар болса) көрсетуге міндеттеу. Олар болмаған жағдайда мемлекет аралық стандарттарды көрсету. 
  • жеткізушілерді  тауарларды жеткізу және жұмыстарды орындау кезінде, тауардың шығарылғаны туралы сертификатты ұсынуға міндеттеу. Егер тауар Қазақстанда шығарылған болса, онда жеткізуші СТ-КZ сертификатын ұсынуға міндетті. Егер тауар импорттық өнім болса, онда шығарылған елдің тиісті уәкілетті органымен берілген, тауардың шығарылғаны туралы сертификатты ұсынады. 

Sputnik Қазақстан