29 мам, 2020 сағат 09:15

1 маусымнан бастап ауылшаруашылық өнімдерін экспорттауға қатысты шектеулердің күші жойылады

ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров ауылшаруашылық өнімдерін экспорттауға шектеулерді алып тастау туралы бұйрыққа қол қойды, – деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі.

«Осы жылдың 1 маусымынан бастап ауылшаруашылық өнімдерін экспорттауға барлық шектеулер алынып тасталады. Экспорттық шектеулерді алып тастау туралы жаңа бұйрық 2020 жылдың 1 маусымынан бастап күшіне енеді», делінген ақпаратта.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Қазақстанда төтенше жағдайдың енгізілуіне және Мемлекет басшысының ішкі нарықта әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының жетіспеушілігін болдырмау туралы бұйрығына байланысты, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі азық-түлік қауіпсіздігі себептері бойынша әрі жаңа өнім жиналғанға дейін жеткілікті қорды сақтау мақсатында ауылшаруашылық экспортын уақытша реттеуді енгізген болатын.