13 жел, 2019 сағат 13:36

1 қаңтардан бастап МӘМС толық іске қосылады

Бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап, міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыруды толық іске қосуға дайын екенін мәлімдеді, – деп хабарлайды Baq.kz.

Медициналық сақтандыруды енгізуге дайындық 2015 жылы басталған, қазір жаңа жүйеге әзірлік аяқталып келеді. Министрлік өңірлердің, медициналық ұйымдардың МӘМС жүйесіне дайындығына күнделікті мониторинг жасап отыр. МӘМС аясында жұрт жиі пайдаланатын, сұраныс жоғары медициналық қызметтер қолжетімді болады. 2020 жылы денсаулық сақтау жүйесін қаржыландыру 1,5 есеге артады, яғни бюджеттен 1,6 трлн теңге бөлінеді. Қаржыландыру көлемі көбейген соң, МӘМС аясында ақылы тексерулер, белгілі бір аурулар тізімі бойынша немесе жеңілдік жасалған санаттарға ғана көрсетілетін медициналық қызметтер қолжетімді болады, - дейді Елжан Біртанов.

Министрдің айтуынша, отандық денсаулық сақтау саласы қазірдің өзінде МӘМС бойынша жұмыс істеуге көшкен. Барлық нормативтік база қалыптасып, медициналық сақтандыру қоры жұмыс қарқынды жұмыс істеп келеді.

Сондай-ақ, негізгі медициналық ақпараттық жүйелер іске қосылды, медициналық қызметтердің екі пакетінің, жарналар мен аударымдардың ставкалары бекітілді, жеңілдік жасалған санаттардың тізімі кеңейтілді.

Денсаулық сақтау министрі бейресми жұмыспен қамтылған халықты медициналық сақтандыруға қатыстыру мәселесі өзекті болғанын айтты.

Қазір бұл реттелді. Еңбек министрлігімен бірлескен жұмыстың нәтижесінде 2,1 млн астам адам актуалдандырылды. Енді 577 мың (немесе 3%) азаматты өзектендіру керек, олардың қатарында қайтыс болғандар немесе елден көшіп кеткендер бар. 1 сәуірге дейін еліміздегі барлық азамат шартты түрде сақтандырылады және ТМККК мен МӘМС пакетіне кіретін медициналық қызметтерді еш кедергісіз ала алады. Осы уақыт аралығында әркім өзінің сақтандыру мәртебесін анықтап және МӘМС жүйесіне қатысып үлгеруі тиіс, - деп айрықша атап өтті министр.

Ол жүйені енгізілген соң, алғашқы кезеңде даулы жағдайлар, медицина қызметкерлері мен халық арасында түсініспеушілік болуы ықтимал екенін жасырмады.

Ал медициналық ұйымдар кез келген мәселені пациенттің пайдасына қарай шешуі тиіс, - деді ведомство басшысы.

Айта кетейік, ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында  мемлекет тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін сол күйде қалдыратынын мәлімдеген болатын. ТМККК пакетіне медициналық қызметтердің негізгі түрлері кіреді және 1 трлн жуық теңгеге халыққа жаппай дәрігерлік көмек көрсетіледі.