08 ақп, 2019 сағат 13:49

Юлия Путинцева Федерация кубогында Қазақстан құрамасына жеңіс сыйлады

Ұлттық теннис орталығында Федерация кубогы үшін өтіп жатқан іріктеу турнирінде Қазақстанның бірінші, әлемнің 43-ракеткасы Юлия Путинцева үндістандық Анкита Райнамен кездесті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Қазақстан - Үндістан матчының алғашқы бәсекесінде Зарина Дияс Карман Каур Тхандиді ұтқан еді. 

Ю.Путинцева әлемдік рейтингте үздік елуліктің ішінде болса, қарсыласы 165-орында болатын. Бірінші партияда есеп 2:1 болған мезетте қазақстандық теннисші брейк жасап, сосын өз геймін де алды - 4:1. Үндістандық теннисші қанша тырысса да, Путинцева бет қаратпады - 6:1.

Екінші сетті Юлия брейкпен бастағанымен, өзі доп бергенде, сол қарқынын жалғастыра алған жоқ - 1:1.  Бесінші, алтыншы геймде қарсыластар брейкпен алмасты - 3:3. Содан кейін қазақстандық спортшы тағы бір брейкке қол жеткізіп, өз геймін бермеді - 5:3. Әйтсе де матчқа доп бергенде, Анкитаның брейк жасауына мүмкіндік беріп қойды - 5:5. Ақыры тартысты өткен партия тай-брейкке ұласты - 6:6. Мұнда Путинцева 7:4 есебімен жеңіске жетті.

Қызу өткен бәсеке 2 сағатқа жуық уақытқа созылды. Осылайша Ю.Путинцева Қазақстан - Үндістан матчында есепті 2:0-ге жеткізіп, соңғы, жұптық бәсекенің нәтижесіне қарамастан, командасына жеңіс әперді. Өткен жылы Юлия дәл осы Анкитадан ұтылып қалған болатын, биыл соның есесін қайырды. Егер өзгеріс болмаса, жұптық кездесуде Анна Данилина мен Галина Воскобоева Анкита Райна және Карман Каур Тхандимен кортқа шығады.

Қазақстандықтар 9 ақпан күні «В» тобында жеңімпаз атанған Қытай құрамасымен екінші Әлемдік топтың плей-офф кезеңіне берілетін жолдаманы сарапқа салады. Қытай мықты қарсылас болғандықтан, бұл матчтың аса тартысты өтері анық.