29 мау, 2019 сағат 12:33

Тоқаев Президент Әкімшілігінің басшылық құрамымен кеңес өткізді

Қасым-Жомарт Тоқаев Президент Әкімшілігінің басшылық құрамымен кеңес өткізді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақордаға сілтеме жасап.

Мемлекет басшысы жиынға қатысушыларға Президент Әкімшілігінің жаңа Басшысы Қырымбек Көшербаевты таныстырды.

– Қырымбек Елеуұлын бәріңіз жақсы білесіздер. Ол елімізге белгілі, танымал азамат. Қырымбек Елеуұлы – түрлі басқару орталықтарында жауапты қызмет атқарған тәжірибелі басшы. Мемлекетіміздің даму жағдайын жақсы біледі. Тапсырылған жұмыстардың бәрін жоғары деңгейде атқарады деп сенемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Президент Әкімшілігінің халықтың әл-ауқатын арттыру ісінде маңызды рөл атқаратынын атап өтіп, оның қызметінің негізгі басымдықтарын белгілеп берді.

– Біз сайлауалды тұғырнаманың іс-қимылдар жоспары мен басқа да маңызды бағдарламаларды жүзеге асыруға кірісеміз. Президент Әкімшілігі барлық бастамалардың, бағдарламалар мен стратегиялардың мүлтіксіз орындалуына жауап беретініне көңіл аударғым келеді, – деді Мемлекет басшысы.

Кеңес қорытындысы бойынша Қазақстан Президенті бірқатар нақты тапсырма берді.